Қазақстанның Еңбек Ері, Павлодар облысы «Тәуелсіз Қазақстанның Халық Батырлары» қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы Рышат Әміренов Екібастұз қаласындағы №373 референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Рышат Әміренов ала таңмен таласа оянып, маңызды саяси іс-шараға асығып келгенін жеткізді. Себебі азаматтардың талап-тілегі ескерілген жаңа Конституциямыздың болашақ ұрпаққа берері мол деп есептейді.
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс беру басталды
«Естеріңізде болса, өткен жылы Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесіне ерекше назар аударып, «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Өзім де жұмысшылар әулетінен шыққанмын. Көмір өнеркәсібінде 38 жыл еңбек еттім. Адал еңбек маңызды. Ата заңымыз негізінде адам және адами құндылықтар, билік тармақтарының теңгерімі, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары жатыр. Біз орта жастан асып, ақсақалдық жасқа жетіп қалдық. Ендігі қоғамның кілті – біздің балаларымызда. Ал Конституция оларға қызмет етуі керек. Сондықтан мен бүгін өз таңдауымды жасауға келдім», дейді ол.
Айта кетейік, Референдум күні Алматыдағы барлық сайлау учаскесінде ерекше әрі заманауи фотоаймақтар ұйымдастырылды.
Павлодар облысы