Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдерге мемлекеттік награда табыстады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ғылым, мәдениет, ақпарат, архив және музей ісі салаларының, сондай-ақ қоғамдық институттардың өкілдері елдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін жоғары наградалармен марапатталды.
Салтанатты іс-шарада Аида Балаева мерекенің айрықша маңызын атап өтіп, мұндай марапаттар әйелдердің ерен еңбегіне, олардың кәсіби жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығына көрсетілген лайықты құрмет екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдындағы елеулі еңбектеріңізді жоғары бағалап, сіздерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл мемлекет әйелдердің қоғамдағы рөлін, олардың отбасы құндылықтарын нығайтуға, түрлі саланың дамуына қосқан үлесін әрдайым жоғары бағалайтынының айғағы деп білемін. Марапат сіздердің жеке жетістіктеріңіз ғана емес, отбасыларыңыздың, балаларыңыздың, ата-аналарыңыздың, әріптестеріңіз, өздеріңізбен бірге осы жолда келе жатқан ұжымдарыңыздың ортақ еңбегіне көрсетілген құрмет», деді Аида Балаева.
Үкімет басшысының орынбасары әйелдер қай кезде де қоғамда айрықша жасампаз рөл атқарып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жауапкершілігі, іске деген ұқыптылығы, шынайы жанашырлығының арқасында әйелдер кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мәдени әрі рухани құндылықтарды сақтауға, қоғамдық институттарды нығайтуға және мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Мерекелік жиында «Құрмет» орденімен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім басшысы Бақытжамал Айтмұхамбетова, Т.Шевченко атындағы мемориалдық музейдің қор сақтау және бұқаралық-экскурсиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айгүл Балабаева, сондай-ақ Семей қаласындағы Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы Татьяна Титаева марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева, Конфессияаралық және дінаралық диалогті дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың бас экономисі Раушан Имантаева, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы А.Пушкин музей үйінің меңгерушісі Асылжан Мырзаболатова, Ұлттық банк Қолма-қол ақша айналысы департаменті банкноттар мен монеталар дизайны басқармасының бас маманы-дизайнері Жанна Нүгербек, сондай-ақ «Хабар» телеарнасы «7 күн» бағдарламасы орыс редакциясының редактор-талдаушысы Алма Оразбаева марапатталды.