Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Жұмабекұлы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі бірқатар күмәнді жайттарды айтты. Ол «Қазатомөнеркәсіп» пен «Самұрық-Энерго» компанияларына қатысты нақты сұрақтар қойып, тендерлердің ашықтығына назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерді талдау барысында бірқатар тендерді үнемі екі компания – «Тұмар» мен «Ақназар» ұтып алатыны анықталған. Олар бір конкурстарға қатар қатысып, кезек-кезек жеңімпаз атанады. Мәселен, 2025 жылы бұл компаниялар қатысқан келісімшарттардың жалпы сомасы 20 млрд теңгені, 2024 жылы 13 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар депутат екі компанияның байланыс нөмірлері бірдей екенін алға тартты. «Бұл қалай мүмкін?» деген сауал «Қазатомөнеркәсіп» өкілдеріне тікелей қойылды.
Депутат теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті
Бұдан бөлек, «Самұрық-Энергоға» қатысты да күрделі мәселе көтерілді. Депутат қолданыстағы жел электр станциясын кеңейту жобасы бойынша тендерлік құжаттамада қытайлық «Goldwind Envision Energy» компаниясы жабдық жеткізуші ретінде көрсетілгенін, алайда аталған компания бұл жобаға қатыспағанын мәлімдеді.
«Компанияның ресми хатында олар ешқандай техникалық немесе коммерциялық ұсыныс бермегенін, ал құжаттарға қол қойған Ван Вэйдің олардың қызметкері еместігін көрсеткен», деді депутат.
Осыған қарамастан, жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, тендер қорытындыланған. Депутаттың сөзінше, бұл жағдай тендерлік құжаттарда бұрмалау болуы мүмкін деген күмән тудырады. Сондай-ақ тапсырыс беруші тарап жер телімі мен құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарын ұсынбағаны да айтылды.
Өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» өкілдері барлық сатып алу рәсімдері ашық әрі заң талаптарына сай жүргізілетінін мәлімдеді. Олар уран өндіру саласының ерекшелігіне байланысты лицензиясы мен біліктілігі бар компаниялар саны шектеулі екенін атап өтті.
«Бұл компаниялар тауар жеткізуші емес, ұңғымаларды технологиялық байлау жұмыстарын орындайтын мердігерлер. Мұндай күрделі жұмысты барлық компания атқара алмайды», деді.
Телефон нөмірлерінің сәйкестігіне қатысты мәселе бойынша ішкі комплаенс қызметі тексеру жүргізетіні және депутатқа жазбаша жауап берілетіні хабарланды.
Депутаттар қоғамдық марапаттарды заңмен реттеуді талап етті
Ал «Самұрық-Энерго» өкілдері бұл мәселеге қатысты нақтылау қажет екенін айтып, ұқсас жоба бойынша бұрын сот дауы болғанын, барлық сотта компанияның ұстанымы қолдау тапқанын жеткізді. Дегенмен, көтерілген жайт бойынша қосымша тексеріс жүргізіліп, ресми жауап берілетіні айтылды.
Талқылау барысында депутат бірдей компаниялардың жиі жеңіске жетуі бәсекелестікке күмән келтіретінін атап өтті. Ол мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ашықтықты күшейту қажеттігін жеткізді.
Кездесу қорытындысында компания өкілдері барлық ескертпелер назарға алынатынын, ал анықталған заңбұзушылықтар болса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданатынын мәлімдеді. Ал кінәлі тұлғалар анықталған жағдайда, заң аясында жауапкершілікке тартылатыны атап өтілді.
Цирфлық сервис: Депутат «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітуді ұсынды