Көктемнің алғашқы лебімен келетін ардақты аналар мен аяулы арулар мерекесі – қоғамды ізгілікке, жақсылық пен жасампаздыққа үндейтін, ыстық ықыласқа толы, мейірбан мейрам. Әйел-ананың қоғамдағы орны, оның отбасындағы қадір-қасиеті мен мемлекет дамуындағы үлесі қашанда еліміздің басты назарында.
Бүгінде әйелдер қауымы отбасының берекесін кіргізіп қана қоймай, еліміздегі ауқымды өзгерістің бел ортасында жүр. Қоғам өмірінің барлық саласында зор табысқа қол жеткізіп, көшбасшылық қасиеттерімен танылып келеді. Ең бастысы – саналы ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық құндылық пен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың сақталуына өлшеусіз үлес қосып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы».
Қоғамның өркениеттілігі оның әйел-аналарға деген құрметімен, қамқорлығымен өлшенеді. Ананы ардақтау – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Дегенмен қазіргі жаһандану мен нарық заманында құрмет нақты әлеуметтік қорғау тетіктерімен көрініс табуға тиіс. Бүгінде ана мен бала құқығын қорғау, демографиялық-әлеуметтік мәселелерді шешу мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Еліміз – әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның толыққанды мүшесі. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия тұрақты жұмыс істейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Елімізде 150-ден астам үкіметтік емес әйелдер ұйымы белсенді қызмет етіп жатыр. Түрлі жағдайға байланысты ана мен бала құқығын қорғауға бағытталған заңнамалар уақыт талабына сай үздіксіз жетілдіріліп отырады.
Әйел-ананы қолдау – бұл жай ғана әлеуметтік көмек емес, мемлекеттің болашағына құйылған ең қомақты инвестиция. Қоғамдағы әрбір ана ертеңгі күніне сеніммен қарап, өзін мемлекеттің қорғауында екенін сезінгенде ғана ұлтымыздың іргесі берік, рухы биік болады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Ал ақ бесіктің иесі – әйел-ана екенін ескерсек, қоғамымыздың келешегі, еліміздің дамуы ардақты аналарға байланысты. Ардақты аналарымызға, аяулы қыз-келіншектерімізге Жаратқан иенің нұры жаусын, әйел-ананың қажыры мен қайраты, рухы мен жігері, нәзік сезімі мен биік парасаты мәңгі жасай берсін. Баршамызды әрдайым Ана құдіреті желеп-жебеп жүрсін!