• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі Бүгін, 09:30

Арманына жеткен ару

10 рет
көрсетілді

Бүгінде арманына адал, мақсатына берік қыз-келіншектер көк жүзінде де біраз белесті бағындырып жүр. Әуе кемесін тізгіндеп, биікте еркін қалықтаған сондай арудың бірі – Дана Қылышбаева. Ұшқыш қыз бүгінде халықаралық рейстерді орындап, еліміздің авиация саласында жемісті еңбек етіп келеді.

Дананың заңғар көкке деген қызығушылығы бала кезден басталған. Ес білгелі ғарышқа, жұлдыздар әлеміне қызығып, арманы аспанмен астасқан. Уақыт өте келе қызығушылығы мақсатқа ұласып, өмірлік жолын авиациямен ұштастырды.

«Әкем полицияда, анам әскери салада қызмет етті, қазір зейнеткер. Олар таңдауымды әр кез қолдап, Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқытты. Кейін білім ұясындағы база Мажарстан үкіметінің Stipendium Hungaricum грантын иеленуге ықпалдасты. Бұл бағдарламаға іріктеу барысында талапкерлердің ағылшын тілін меңгеру деңгейі, физика мен математика пәндерінен білімі, сондай-ақ оқу үлгерімі мен жетістіктері ескерілді. Сөйтіп, Дебрецен университетіне «Кәсіби ұшқыш» бағдарламасына қабылдандым», деді Дана.

Ұшқыш мамандығына оқу барысында студенттер алдымен тренажерлық ұшақтарда жаттығып, ұшудың барлық қимыл-қозғалысын меңгереді. Ұшақтың көтерілуі, құлдилауы, бұрылуы секілді әрекеттер шынайы жағдайға барынша жақын көрсетіледі. Әр жаттығудан кейін курсанттар жіберген қателіктерін талдап, келесіде түзетуге тырысады.

Дананың айтуынша, әдетте авиация саласына бет бұрған кадеттердің шамамен 40%-ы оқуын аяқтамайтын көрінеді. Жалпы, әлемдік статистиканы байқасақ та әйел ұшқыштар саны шамамен 5 пайызды ғана құрайды. Ашық дереккөздерде елімізде 34 әйел ұшқыш қызмет ететіні жазылған. Сарапшылар мұны авиа­ция саласына қойыла­тын жоғары физикалық және психологиялық талаптармен байланыстырады. Оған қоса қоғамдағы дәстүрлі көзқарас пен отбасылық міндет те әсер ететіні сөзсіз.

«Оқуға түсу, мамандықты толық меңгерудің өз қиындығы бар. Барлық тексеріс пен емтихандарды шамаң келгенше алғашқы мүмкіндікте тапсыруға ұмтылу маңызды. Мұндай жауапкершілік пен дайындық кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін де едәуір арттырады. Одан бөлек ұшқыш ретінде еңбекке араласу да жан-жақты дайындықты талап етеді. Шетелдік немесе отандық компанияда болсын, кандидаттар кешенді түрде бағаланады. Психомоторлық, психотехникалық қабілет, тұл­ғалық ерекшелік мен ынта-жігері, ұшу дағдылары, стресс жағдайында әрекет ету, күтпеген жағдайды шешу қабілеті еске­рі­ле­ді. Денсаулығыңызды сканерлеп, лупамен қарағандай қада­ғалайды. Мен де оқу аяқ­талысымен, осындай тек­се­рістен өтіп, қазір «Air Astana» компаниясында екінші ұшқыш ретінде жұмысқа орналастым. Елдегі ауқымды әуе компаниясының құрамында болғаныма шамамен бір жылдан асты», деді Д.Қылышбаева.

«Ұшқыш қыз алғаш рет 2021 жылы шағын «Cessna–172» ұшағының штурвалына отырған. Ұшақ көкке көтерілгенде ол ерекше қуаныш пен толқуды қатар сезінгенін айтады. Ал қазір Дана халықаралық бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдап жүр. Көбіне Жидда, Сауд Арабиясына жол түседі», дейді кейіпкеріміз.

Негізінен ұшқыштардың әр рейсі үлкен дайындықты талап етеді. Ұшу алдында экипаж ауа райы болжамын зерттеп, ұшу және қону жоспарларын қарайды. Брифинг өткізіліп, рейс барысындағы барлық рәсім талқыланады.

Алдағы уақытта Дана кәсіби тәжірибесін одан әрі арттырып, күрделі халықаралық бағытта жолаушылар тасымалдауды мақсат етіп жүр. Сөз аяғында аспанды серік еткен ару қыз-келіншектерге өз армандарынан қорықпай, алға ұмтылуға кеңес берді.

«Армандарыңыз биік болсын. Өмірлеріңіз көк аспан секіл­ді шетсіз, шексіз әрі ашық болсын», дей­ді жас ұшқыш. 

Соңғы жаңалықтар