Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің PhD, қауымдастырылған профессоры Әлия Нағиева Шыңғырлау ауданындағы Алмаз деп аталатын әдемі ауылда туып-өсіпті. Ата-анасы қарапайым ауыл еңбеккері еді.
Машина-трактор шеберханасында слесарь-аккумуляторшы болып қызмет еткен Ғалымжан ағай орыс тіліндегі техникалық журналдарды көп оқитын. Өзі құрастырып трактор, ұнтартқыш құрастырғаны, қазір сәнге айналған «жылы еденді» сол кездің өзінде қолдан жасағаны талайға аңыз болған. Әттең, өмірі қысқа болды. Мүмкін Әлияның бойындағы ғылымға қызығушылық, білмекке құмарлық сол әкеден жұққан әдет болар?
Әлия Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінде тәлім алды. Ауыл баласына әрі жақын, әрі тосындау «Топырақтану және агрохимия» мамандығын тәмамдады. Сабаққа алғыр, ғылымға бейім, болашағынан үміт күттіретін жас маманды университет бірден өз ұжымына қосыпты. 2018 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың ұлттық ауыл шаруашылығы университетінің докторантурасын аяқтаған жас ғалым PhD дәрежесін қорғады. Бұл мақсатты грант арқылы жүзеге асқан еді.
«Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің PhD, қауымдастырылған профессоры Әлия Нағиева ондаған жылдан бері ғылыми жобалармен шұғылданып келеді. Ол алдыңғы буын ғалымдардың жолын қуып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесін қосып жүр. Әлия Ғалымжанқызының ғылыми жұмысының негізгі бағыты – ауыл шаруашылық жерлерін және топырақты зерттеу, оны құнарландыру, қалпына келтіру. Осы бағыт аясында топырақтың агроэкологиялық жағдайын жақсарту, деградацияға ұшыраған және техногендік әсерден бүлінген жерлерді қалпына келтіру, сондай-ақ топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді», дейді әріптесі, университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Смайылұлы.
2024 жылы әлемге жол ашатын «500 ғалым» «Болашақ» халықаралық бағдарламасының арқасында Әлия Прага қаласындағы Чехия жаратылыстану ғылымдары университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама бағыты – «Мелиорация, жерді қайта құнарландыру, қалпына келтіру және қорғау. Топырақтану және агрохимия» болатын. Тарқатып айтар болсақ, мелиорация дегеніміз – жерді жақсартуға бағытталған техникалық және шаруашылық-ұйымдастырушылық шаралар жиынтығы ғой. Осы тағылымдама барысында кейіпкеріміз халықаралық деңгейдегі тәжірибемен танысып, заманауи зерттеу әдістерін меңгеріп қайтты. Әсіресе топырақ экологиясын қалпына келтіру мен микробиологиялық әдістерді қолдану саласында кәсіби біліктілігін арттырды.
«Менің ғылыми-зерттеу тақырыбым – ауыл шаруашылығындағы немесе өндірістік жерлердегі топырақтың құнарлылығын арттыру және бағалау. Бұл еліміз үшін де өзекті мәселенің бірі. Әрине, топырақты зерттеудің түрлі заманауи әдісі бар. Алайда шетелдегі әдіс-тәсіл басқаша. Өзім сол жағына көбірек қызығушылық танытып, уақытымның көп бөлігін «Агрохимия және өсімдікті қоректендіру» кафедрасына қарасты топырақ пен өсімдіктерді зерттейтін зертханаларда өткіздім. Тағылымдама барысында жаңа әдіс-тәсілдерді меңгердім, заманауи құрал-жабдықтармен таныстым», дейді жас ғалым.
Әлияның айтуынша, Чехия университетінде ғылыми зерттеулер үздіксіз жүргізіліп, ғылыми жобалар да көптеп жүзеге асып жатады екен. Мысалы, чех ғалымдары топырақтың құрамын жақсартудың, құнарлылығын арттырудың көптеген әдіс-тәсілін жасайды. Ол үшін қолданылатын тұрмыстық немесе басқа да қалдықты алдымен зерттеп, топыраққа пайдалы заттарды анықтап, құнарлылығын арттыру үшін түрлі биоқоспаны өздері дайындап, пайдаланады. Сол іс-әрекеттің ғылыми мәнін толыққанды зерттеп, оның топырақ құнарына, микробиологиялық құрамына және экожүйенің қалпына келуіне тигізетін әсерін жүйелі түрде талдайды.
Әлия Ғалымжанқызы халықаралық «Erasmus» жобасын жүзеге асыруға атсалысқан ғалымдардың бірі. Осы жоба аясында Жәңгір хан университетінің ғылыми қызметкерлері отандық және Германия, Чехия, Польша мемлекетінің ғалымдарымен бірге докторанттарға сала бағыты бойынша оқу бағдарламасын әзірледі. Сол кезде де ғалымға Чехия университетіне екі апта жұмыс сапарымен барудың да сәті түскен. Бұл жолы Әлия ғылыми тағылымдама барысында Чехия университетінің «Агрохимия және өсімдікті қоректендіру» кафедрасында өткен семинарларға, докторанттардың мемлекеттік емтихандарына, халықаралық конференцияға қатысыпты. Семинарда баяндама жасап, өзі еңбек етіп жүрген Жәңгір хан университетінің ғылыми әлеуеті, жетістіктері, ғылыми зертханалар мен өндірістік жұмыстары жайлы таныстырған. Шетелдік ғалымдар батысқазақстандық университеттің бірнеше бағытта жұмыс істейтініне қызығушылық танытып, көптеген сұрақ қойыпты.
Үш ай бойы ағылшын тілінде сөйлеп, тілдік қорын молайтқан ғалым мұның пайдасы мол болғанын айтады. Ғалым-ұстаз әлі күнге чехиялық ғалымдармен байланыс жасап, ғылыми ізденісін үзбеген. Мұның өзі отандық ғылымды дамытуға да әсер етіп жатыр. Өйткені әлемдік ғылымның тілі – ағылшын екені рас қой.
Көп жұрт түсінбегенімен, ғалымның иығында жүк, көңілінде мақсат көп. Мысалы, 2024 жылы Батыс Қазақстан облысының көп жері тасқын су астында қалды. Ал көктем мен күз аралығында су басқан ауыл шаруашылық жерлерінің тұздылығын азайту, құнарлылығын жоғарылату – әуелі ғалымдардың, мамандардың алдындағы міндет. Әлия Ғалымжанқызы бүгінде университет ғалымдарымен бірге шаруа қожалықтарының қолданыстағы жайылымдық және егістік жерлеріне агрохимиялық талдау жасап, топырақты зерттеу, құнарлылылығын қалпына келтіру және жоғарылату бойынша ұсынымдар береді. Ғалым біліктілігін арттыру мақсатында жерге қатысты цифрлық бағдарламалар мен замануи әдістерді әлі де меңгеріп жүр.
2020 жылы топырақтан көмірқышқыл газының шығарындыларын өлшеу әдісін ойлап тапқаны үшін және CO2 эмиссиясын өлшеуге арналған блок-схемасы бар құрылғы жасағаны үшін екі патентке ие болған. Ғалымды Ауыл шаруашылық министрлігі «Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосаны үшін» Құрмет грамотасымен марапаттады. 2025 жылы «қауымдастырылған профессор» ғылыми дәрежесін иеленді. Осының бәрі тынымсыз ізденістің арқасында келген атақ-абырой ғой.
«Менің жетістігім – университет берген сапалы білім, кәсіби бағыт, тәлімді тәрбиенің арқасы деп білем. Ұстаздарым маған өмірде және ғылым жолында табысқа жетуіме көмектесті. Университет басшылығы ғылым-білімге ұмтылатын қызметкерлерін әрдайым қолдап келеді. Барлық осы жолда мені әрдайым отбасы, ұлым және ғылымға бағыттаған жетекшілерім қолдап отырды. Ғалым адам өз жұмысының мәні мен маңызын түсінсе, кез келген қиындықты жеңіп кете береді», дейді ғалым.
Мереке қарсаңында кейіпкерімізден «Қазақстанда әйел затына ғылым жолында жүрудің қиындығы көп пе?» деген сауал қойған едік.
«Жоқ, ешқандай қиын емес! Отбасың, әріптестерің, басшыларың қолдап отырса, алынбайтын қамал жоқ. Қазір ұлым Әлішер де магистратурада оқып жүр. Өзімнің ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеуші ретінде алдыма қойған жоспар-мақсаттарым бар. Мен оларды жүзеге асыруға ұмтыламын. Ең бастысы, осы білімім елімізге, туған топырағымызға пайдалы болса, ғалымның басқа арманы жоқ», дейді Әлия Ғалымжанқызы.
Батыс Қазақстан облысы