• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:50

Шекісудің де қайыры бар

10 рет
көрсетілді

Шұғыла Өмірбек – қазақ спортының жарқын жұлдызы. Әйелдер күресінен жастар мен ересектер арасында әлем чемпионатының алтын медалі бұйырмай келген еді. Олқы соққан тұсымызды былтыр осы қызымыз бүтіндеп, тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Сербияның Нови-Сад қала­сында 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен жаһандық додада Шұғыла қарсыластарының бәрін айқын жеңіп, әлемнің үздігі болып танылды. 55 кг салмақ дәрежесінде белде­суге түскен жерлесіміз алды­мен мол­довалық Михаэла Самой­лованы даусыз ұтты. Ширек финалда румын қызы Александра Волкулескуді де еркін еңсеріп, Германия балуаны Амори Оливия Андричті белдесудің алғаш­қы минутында-ақ кілемге алып ұрды. Финалдық сын­да түрік қызы, жастар арасында Еу­ропаның теңдессіз балуаны атанған Туба Демирді 12:8 есе­бімен жеңді. Шұғыла оның алдында, 2024 жылы жастар арасындағы Азия чем­пионатының күміс медалін иеленген еді.

Біріккен күрес әлемі (UWW) 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатын 2017 жылдан бері тұрақты өткізіп келеді. Бұған дейін аруларымыз әлем чемпионатының финалына шыққан емес.

– Былтыр тура Республика күні қарсаңында әлем чемпионы атанып, көк туымызды жел­біреткеніме қуанышым шексіз. Бұл жетістік – жеке бап­керім Нұржігіт Сәрсенбекұлы аға­йым екеуміздің бірнеше жылдан бергі есепсіз еңбегіміз­дің жемісі. Ендігі межеміз – 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олим­пиадасы. Сол асуға ат байлау жолында тынымсыз тер төгу қажет, – дейді балуан қыз.

Шұғыла отбасында жеті ағайынды. Алдында әпкесі, үш сіңлісі, екі інісі бар. Күресі үйірмесіне күтпеген жерден қабылданыпты. 4-сыныпта оқып жүргенінде мектепте күреске баулитын бапкері талантты балаларды іздеп келеді.

– Сәйкестікті қараңыз, дәл сол сәтте мен бір оқушымен ше­кі­сіп қалдым. Бізді байқап қал­ған Нұржігіт Ерімбетов «қай­сар мінезді екенсің, күреспен шұғылданғың келе ме?» деді. Бірден келісім бердім де, ертеңіне кілем үстінде жақттығуды бастадым, – дейді кейіпкеріміз.

Шұғыла алдағы сәуір айында Қырғызстанда ересектер арасында өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды.

Соңғы жаңалықтар