Отандасымыз «Үлкен дулыға» санатындағы турнирде екінші мәрте топ жарды. Алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын Лондонда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын «Уимблдон» додасында алдына жан салған жоқ.
Күні бүгінге дейін кортта жүрген үш теннисшіге ғана «Үлкен дулығаның» екі бірдей төсенішінде – шөп пен харда бас жүлдені иелену бақыты бұйырды. Олар – Винус Уильямс, Ига Швёнтек, Елена Рыбакина.
Қазір өнер көрсетіп жүргендер арасынан «Уимблдон» мен «Australian Open» екеуінде де жеңіске жеткен жалғыз ойыншы бар. Ол – Рыбакина.
Кейінгі сегіз жылда WTA-ның қорытынды турнирі мен «Australian Open» додасын қатар ұтқан тек Елена. 2017, 2018 жылдары дәл сондай табысқа даниялық Каролина Возняцки қол жеткізген еді.
Мельбурнде өзінің 12-титулын олжалады. Осыған дейін «Үлкен дулыға», WTA 1000 мен WTA 250 жарыстарында 2 рет, WTA-ның қорытынды турнирінде 1 мәрте, WTA 500 бәсекесінде 5 рет теңдессіз деп танылды.
WTA турнирлерінің финалында қатарынан бесінші рет жеңіске жетті. Бұл сәтті серия 2024 жылдың сәуір айында Германияда басталған еді. Жалпы финалдарда 12 рет басымдық танытып, 11 рет есе жіберді.
Елена әлемнің бірінші, екінші ракеткаларымен түрлі жарыста жолдары жиі қиысып жүр. Ига Швентекпен 12 рет кездесіп, әзірге есеп тең – 6:6. Арина Соболенконың бір жеңісі артық – 7:8.
Соболенко мен Швентек әлемнің бірінші ракеткалары атанып отырған тұста да жерлесіміз оларды көбіне-көп ұтты. Есеп – 9:4.
Жоғарыда есімдері аталған Беларусь пен Польша теннисшілері WTA рейтингінде көш бастап тұрғанда олардың екеуін тек Рыбакина ғана жеңді.
2023 жылдан бері А.Соболенко жасыл құрлықтағы жарыста тек Еленадан ғана екі рет ұтылды.
Әлемнің бірінші ракеткаларымен жолы 15 рет қиысқан жерлесіміз соның тоғызында жеңіс тойын тойлады.
Жер-жаһанның ең үздік ойыншыларымен өткен кездесудегі жеңіс коэффиценті 60%-ды құрайды. Бұл – WTA тарихындағы ең үздік көрсеткіш.
Кейінгі 17 жыл ішінде «Үлкен дулығаның» бір турнирде әлемнің бірінші, екінші ракеткаларын қатарынан ұтқан екі ойыншы ғана болды. Солардың бірі – Рыбакина.
«Australian Open» жарысында WTA рейтингінде көш бастап тұрған қос мықтыны ұту бақыты төрткүл дүниенің төрт теннисшісіне ғана бұйырды. Солардың қатарында Елена да бар.
Бүгінде теңдессіз деп танылған теннисшілерді WTA деңгейіндегі додаларда үш рет жеңді.
ТОП-10-дықтың қатарында жүрген үздіктерді қатарынан 10 кездесуде ұтты.
ТОП турнирлердегі соңғы 21 кездесудің 20-сында жеңіске жетті.
Былтырғы «Уимблдон»-нан кейін 45 рет кортқа шығып, 38 рет қарсыласын қапы қалдырды.
Биылғы маусымда эйс жасау жағынан жеке-дара көш бастап тұр. Оның қақырата соққан соққылары 69 мәрте діттеген жеріне дөп түсті. Сол эйстердің 47-сі Аустралияның ашық біріншілігінде жасалды.
Мельбурндегі жарқын жеңісінің арқасында қайта ТОП-3 теннисшінің қатарына қосылды.