• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:35

Нәрестені ширатқан орталық

10 рет
көрсетілді

Есік қаласында №1 перинаталдық орта­лық пайдалануға бе­рілді. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты медициналық ғимарат 2007 жылы салынған. Өткен жылы нысанға күрделі жөндеу жұ­мысы жүргізіліп, ғима­раттың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, айналасы абаттандырылды.

Орталықта заманауи операция залдары, орта­лық­тан­дырылған оттегімен қам­тамасыз ету жүйесі, пациенттерді та­сымалдауға арналған жүк лифттері іске қосылды. Толыққанды перинаталдық блок, жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия, жансақтау бөлім­шелері жұмыс істейді. Дене салмағы төмен балаларды күтуге барлық жағдай жасалған. Бұл – халықаралық стандартқа сәйкес көрсетілетін сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмектің кепілі.

–Алматы облысы бөлінгеннен ке­йін перинаталдық орталық қызметін Қарасай, Еңбекшіқазақ көпбейінді орта­лық аудандық ауруханалары, сондай-ақ Алматы көпсалалы клини­калық ауруханасы атқарып келген еді. Медициналық ұйымдар ауыр жағдайдағы пациенттерге, облыстың түкпір-түкпірінен жеткізіл­ген шала туған нәрестелерге көмек көр­сету міндетін жоғары жауапкершілік­пен орындады. Осындай күрделі кезең­де аянбай еңбек еткен барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Бүгінде Алматы облысы демографиялық өсім көрсеткіші жөнінен жетекші орынға ие. Өңірімізде жыл сайын 30 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Бұл орайда медицина саласы қызметкерлерінің еңбектері ерен. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында мыңдаған ана аман-есен сәбиін бауырына алып, шаңырағын шаттыққа кенелтті, – деген өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жаңа босанған аналар мен ақ желеңді абзал жандарды Халықара­лық әйелдер мерекесімен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Өңірдегі алғашқы перинаталдық орталықтың ашы­лу салтанатына қатысқан Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, «Алтын алқа» иегері Лиза Байрамова ақжарма тілектерін білдірсе, еңбек ардагері Тілеулес Ұзақов ақ батасын берді.

Перинаталдық орталықта консуль­тативтік-диагностикалық, босандыру қызметі мен неонатологиялық көмек көрсетіледі. Стационарда 110 төсектік орын бар. Орталықта 45 дәрігер, 140-қа жуық орта буын медицина қызметкері мен 87 кіші мейірбике, жалпы саны 286 адам еңбек етеді.

– Перинаталдық орталық Еңбек­ші­қазақ ауданымен қатар Райымбек, Ке­ген, Ұйғыр, Талғар аудандарының жүкті әйелдеріне де қызмет көрсетеді. Мұнда денсаулық жағдайы үшінші деңгейдегі, сондай-ақ экстрагенитальды аурулары бар науқастар мен шала туған нәрестелер ем алады. Бүгінде 63 әйел орналасқан. Жансақтау бөліміндегі 26 сәбидің 8-інің салмағы 1 келіге жетпей шала туған­дар. Күніне шамамен 10–15 әйел босанады, – дейді орталық директоры Дәурен Иманәлиев.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы

Соңғы жаңалықтар