• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 14:30

Әлихан Бөкейханның туғанына – 160 жыл: Астанада Алаш ардақтыларына тағзым етілді

40 рет
көрсетілді

Алаш қозғалысынның құлабызы, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толып отыр. Ол ғасыр ғадауатында азаттық аңсап, туған елінің саяси тұтастығы мен бекемдігі үшін қаны мен жанын құрбан етті. Жұртының мұрасын түгендеп, мұратын айқындады. Алаш ұғымын елдік һәм мемлекеттік рәмізге айналдырған тұлғаның құрметіне Астанадағы зиялы қауым Әлихан, Ахмет және Міржақып ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды, деп жазады Egemen.kz.

Салтанатты іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай қатысып, Алаш руханияты туралы сөз сөйледі.

«Әлихан Бөкейхан және ол түйіндеп берген идея нәтижесінде қазақтың тәуелсіздік нысанасы бекіді. Ол қазақтың мүддесіне кешегі күні қызмет еткен, бүгін де, ертең де қызмет ете береді. Ұлт көшбасшысының өмірі мен шығармашылығына байыпты көзқарас, сындарлы зерттеу әлі де қажет. Жұрт ісінде жұмылатын жастар барда Әлекеңнің тіккен туы қашанда биік болады», деді Т. Жұртбай.

Расында, Әлихан Бөкейхан батқан күннің шұғыласынан емес, атар таңның шапағынан көп үміт күтті. Оқыған жастарға сенім артып, ел келешегін солардың білім-білігі мен азаматтық жауапкершілігіне тапсырды. «Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз» деп әруақты бабаларға иық тірей отырып, «алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді» деп ертеңге елжірей қарайды. Салтанатты рәсімде алаштанушы, профессор Айгүл Ісмақованың да сөзі осы ойды қуаттады.

«Біз бейбіт халықпыз. Сонымызбен басқаға үлгі көрсетіп келеміз. Адамдық мұратты бәрінен жоғары қоятын толерантты, зайырлы мемлекет – елдің бақыты. Мұның басында Әлихан Бөкейхан тұжырымдаған Алаш идеясы тұр», деді А. Ісмақова.

Тағылымды іс-шарада Алаш ардақтыларына тағзым етіліп, әруақтарына құран бағышталды.

Соңғы жаңалықтар