Апаттық-диспетчерлік қызметтің мәліметінше, аталған үй орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылған. Алайда үш пәтердің иесі өз бетінше газбен су жылытқыш құрылғыларын орнатқан. Сонымен қатар мұржалар дұрыс орнатылмаған: құбырлар қауіпсіздік ережелеріне сәйкес шатыр деңгейінен жоғары емес, қабырға арқылы жүргізілген.
Мамандардың айтуынша, мұржада тартылыс болмағандықтан, улы газ бөлме ішіне қайта таралуы мүмкін. Сондай-ақ улы газ пәтерлер арасындағы желдеткіш каналдар немесе құрылыс саңылаулары арқылы көрші пәтерлерге де жайылған болуы ықтимал деген болжам бар.
«Егер пәтерлер арасында қандай да бір саңылаулар болса, улы газ соған тартылып кетуі мүмкін. Бір пәтер үшінші қабатта, екіншісі оның үстінде төртінші қабатта, ал үшіншісі дәл қабырғалас орналасқан», деді «QazaqGaz Aimaq» филиалының бөлім бастығы Нұрбек Рахманов.
Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 3 наурызда Байтұрсынов көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінде болды. Бір подъезден төрт адамның мәйіті табылған еді. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, соңғы шешім қорытындыдан кейін белгілі болады.