• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:51

Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді

10 рет
көрсетілді

Елімізде халықты жұмыспен қамтуға және өңдеу секторын әртараптандыруға ықпал ететін жеңіл өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы өтті. Жиында саланы жүйелі дамыту үшін бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отырысқа салалық қауымдастықтардың, оның ішінде «Qaz Textile» Industry ұлттық бірлестігі мен «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өзін-өзі реттейтін ұйымы» өкілдері, сондай-ақ ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Атап айтқанда, «AZALA Group», «Qazaq Tigin Fabrikasy», «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы», «Глобал-Арнайыкиім» және «ТаразТеріАяқкиім« компанияларының басшылары өз ұсыныстарын ортаға салды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылда сала тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өндірісі 13,2%-ға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жоспарланған 3%-дық өсімнен әлдеқайда жоғары.

Өңдеу өнеркәсібіндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі әзірге 0,8% болғанымен, саланың әлеуеті жоғары. Оның құрылымында:

60%-дан астамы тоқыма өндірісі,

32% – киім өндірісі,

6,5% – аяқ киім мен былғары бұйымдары.

Сонымен қатар кәсіпорындардың 97%-дан астамы шағын бизнес субъектілері. Саланы дамыту мақта мен теріні терең өңдеу, синтетикалық талшық өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылмақ.

2025 жылы Қазақстанда 466 мың тонна мақта жиналып, рекордтық көрсеткішке жетті. Нәтижесінде:

116,1 мың тонна мақта талшығы;

500 тонна иірілген жіп;

5,2 млн шаршы метр мата;

28,6 млн дана дайын тоқыма бұйымы өндірілді.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, 1 тонна мақта талшығын толық өңдеу арқылы 1 650 данаға дейін дайын тоқыма өнімін шығаруға болады. Егер шикізат толық өңделсе, ықтимал қосылған құн 1,67 млрд долларға жетіп, 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Жеңіл өнеркәсіпке жеңілдік керек

Салада орта мерзімді перспективаға негіз болатын бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «KazFeltec» оқшаулау өндірісін, Талшықтекс тоқылған полипропилен геокенеп өндірісін және Түркістан тоқыма мақта-мата иірілген жіп өндірісі бар.

Дегенмен оң динамикаға қарамастан, жиында шикізат базасын дамыту, өндірісті жаңғырту, реттелетін сатып алу тетіктерін жетілдіру және қаржылық қолдау шараларын кеңейту қажет екені айтылды.

Сала кәсіпорындары тұрақты әрі болжамды экономикалық жағдай жасалған жағдайда өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын екенін жеткізді.

Жеңіл өнеркәсіп саласында инвестициялық 9 жоба іске қосылады

Жиын қорытындысында бизнес және салалық қауымдастықтармен бірлесіп жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұл құжатта базалық кәсіпорындардың әлеуеті, олардың қазіргі көрсеткіштері мен алдағы мақсатты индикаторлары айқындалмақ.

«Жеңіл өнеркәсіп – халықты жұмыспен қамту тұрғысынан аса маңызды сала. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында мұндай кәсіпорындар көп. Оларды дамыту арқылы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен және лайықты жалақымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнес өкілдерімен бірлесіп саланы дамыту бағдарламасын әзірлеуді бастауы тиіс», деді Серік Жұманғарин.

Соңғы жаңалықтар