Абай облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне әзірлік барысы назарға алынды. Өзен арналары, бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың жағдайы тексеріліп, өңір билігіне нақты тапсырма жүктелді.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Абай облысына барып, көктемгі су тасқынына дайындық барысын зерделеді. Өңір әкімі Берік Уәлимен, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі басшылығымен бірге су басу қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізілді.
Жұмыс барысында өзен арналары, гидротехникалық нысандар, қорғаныш бөгеттері мен су өткізу жүйелері қаралды. Су басу қаупі бар елді мекендердің жағдайы, қар жамылғысының көлемі мен өзендердегі гидрологиялық ахуал да назардан тыс қалмады.
Вице-премьер Семей қаласы мен Жарма, Абай, Бородулиха, Аягөз аудандарының аумағын әуеден шолып шықты. Сапар аясында Аягөз қаласына, Шар су қоймасына барып, аудан әкімдерімен кездесті. Жергілікті билік өкілдері көктемгі кезеңге дайындық жөнінде есеп берді.
Қазіргі дерекке қарағанда облыстағы 64 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймаққа жатады. Үшеуінде қауіп толық жойылған. Тағы 22 елді мекенде тәуекел деңгейі төмендетілген. Ал 39 елді мекенде табиғи қатер сақталып отыр.
Алдын алу шаралары аясында инженерлік жұмыстар жүргізілген. Шамамен 42 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды әрі нығайтылды. Жеті шақырымнан астам өзен арналары тазартылып, төрт шақырым дренаж бен су бұру жүйелері ретке келтірілді. Жергілікті билік материалдық-техникалық әрі қаржылық резервтерді жасақтауға кіріскен. Елді мекендерден 275 мың текше метр қар шығарылды. Өзендердегі мұзды жару жұмыстары жалғасып жатыр.
Азаматтық қорғау жүйесі күшейтілген дайындық режіміне көшірілген. Қазіргі таңда 1 436 адам мен 543 техника бірлігі жұмылдырылған.
«Жалпы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда әуеден шолу нәтижелері ауа температурасының күрт көтерілуі мен қардың қарқынды еруі жағдайында жекелеген учаскелерде ахуалдың күрделену қаупі сақталып отырғанын көрсетті. Осыған байланысты өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын уақтылы тазалауға, техника, сорғы жабдықтары мен авариялық бригадалардың дайындығына ерекше назар аудару қажет. Гидрометеорологиялық жағдай өзгерген кезде әрекет ету жедел болуы тиіс. Жұмыс алдын алу қағидаты бойынша жүргізілуі шарт», деді Қанат Бозымбаев.
Облыс әкімдігіне су тасқыны қаупі бар аумақтарда тәулік бойы мониторинг жүргізу тапсырылды. Елді мекендерден қар шығару қарқынын арттыру, гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныс бөгеттеріне қосымша тексеру ұйымдастыру, азаматтық қорғау күштерінің толық әзірлігін қамтамасыз ету міндеттелді. Эвакуация жоспарларын жаңарту, уақытша орналастыру пункттерінің дайындығын тексеру, халықты жедел ақпараттандыру мәселесі де назарға алынды.
Белгіленген мерзімде аталған тапсырмалардың орындалуы туралы Үкіметке нақты нәтижелермен жинақталған ақпарат ұсынылуы керек.