Шымкенттегі «САҚ» киностудиясы «Алан туралы аңыз» атты толықметрлі анимациялық фильмін көрерменге ұсынады. Заманауи динамикалық стильде түсірілген туынды халықаралық аудиторияға түсінікті, шытырман оқиғаға толы форматта жасалған.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген фильм желісінде Алан есімді ақ барыстың бастан кешкен шытырман оқиғалары баяндалады. Кейіпкердің ерлігі мен қайсарлығы туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталады. Фильмнің режиссері – Азамат Ерназаров. Сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков, Азамат Ерназаров жазған. «Барыс – Алматының рәмізі. Оқиғада Алан есімді ақ барыс өзінің туған қаласын қорғап, ерлік көрсетеді. Аланның достары туралы да көрсетеміз», дейді Батырхан Дәуренбеков.
Фильмнің режиссері Азамат Ерназаровтың айтуынша, оқиға динамикасы, тартысты сәттер мен әсерлі көріністер жас көрерменді ғана емес, ересектерді де бейжай қалдырмайды. Туынды ұлттық рухты, тарихи-мәдени элементтерді заманауи 3D анимациямен үйлестіре отырып, қазақы болмысты жаңа форматта танытуды мақсат етеді. «Бұл фильм әлемдік деңгейде жасалған. Туындыны жасауға екі жыл уақыт кетті. Жоба отандық анимация индустриясының дамуына серпін беріп, ұлттық мазмұндағы сапалы дүниелердің көбеюіне ықпал етеді, көрерменге сапалы дүние ұсынамыз деп ойлаймын», дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев. Көрсетілім жуық арада еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Сондай-ақ тағылымы терең туынды алдағы уақытта шетелдік аудиторияға да жол тартады. Яғни анимациялық фильмді Түркия елінде көрсету жоспарланып отыр.