• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 17:28

Мұхтар Төлеген: Ата заң – әділетті қоғамның берік тұғыры

30 рет
көрсетілді

Ата заң – мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық дамуының басты іргетасы. Ол елдегі барлық құқықтық жүйенің өзегін құрай отырып, мемлекеттік биліктің тармақтары арасындағы тепе-теңдікті айқындайды, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікті нақтылайды. Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, ол қоғамның құндылықтары мен болашаққа деген бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат.

Заңгер әрі жоғары оқу орнының басшысы ретінде Конституцияны жетілдіруге бағытталған бастамаларға бейжай қарай алмаймын. Осы орайда Конституциялық комиссияның жұмысы аясында жүргізілген талқылауларды, енгізілген ұсыныстарды және қабылданған шешімдерді мұқият бақылап, зерделедім. Маңыздысы – бұл үдерістің ашық әрі инклюзивті сипатта өтуі. Жарты жылға жуық уақыт ішінде ел азаматтары, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері тарапынан екі мыңға жуық ұсыныстың түсуі – халықтың ел тағдырына бейжай қарамайтынын айқын көрсетеді.

Ұсыныстардың басым бөлігі ескеріліп, Конституция мәтінінің елеулі бөлігін жаңарту жөнінде шешім қабылданды. Бұл – құқықтық реформалардың формалды емес, шынайы қоғамдық сұранысқа негізделгенін білдіреді. Аталған өзгерістер қоғам тарапынан қолдау тауып, ел болашағына деген сенімді нығайтты.

Жаңартылып отырған Конституция – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса жауапты әрі тағдырлы кезеңдердің бірі. Алғаш рет негізгі заң деңгейінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы нақты мазмұнмен толықтырылып, «Заң мен тәртіп» қағидаттары жүйелі түрде бекітілуде. Бұл – әділетті басқару моделін қалыптастыруға, құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған уақыт талабына сай шешім.

Мәулен Әшімбаев алдағы референдумды еліміздің тұрақты дамуының іргетасы деп атады

Аталған қағидаттар мемлекет қызметінің адамға, оның құқықтары мен бостандықтарына бағдарлануын көздейді. Бұл тұрғыда Конституция азаматтың қадір-қасиетін қорғауды басты басымдық ретінде айқындап отыр. Жаңа редакциядағы бірқатар бапта құқықтық кепілдіктердің күшейтілуі – соның айқын дәлелі.

Атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа нормаларға ерекше назар аударған жөн. Кінәсіздік презумпциясын нақтылау, бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеу, адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігін бекіту – құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері. Бұл қағидаттар жеке тұлғаның құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, құқық қорғау органдары қызметінің әділдігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

Олжас Бектенов: Жаңа Конституция – болашақтың стратегиялық таңдауы

Сондай-ақ адам қадір-қасиетінің мызғымастығын айқындайтын нормалар – жаңа Конституцияның гуманистік сипатын айқын көрсетеді. Азаптауға, зорлық-зомбылыққа және адамдық ар-намысты қорлайтын кез келген әрекеттерге заң жүзінде толық тыйым салынуы – халықаралық құқықтық стандарттарға сай келетін маңызды қадам. Бұл өзгерістер азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына негіз болады.

Мәулен Әшімбаев: Конституциялық реформаның басым міндеті – азаматтардың әл-ауқатын арттыру

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістер қоғамның сұранысы мен заман талабына толық жауап береді деп есептеймін. Бұл құжат елдегі тұрақтылықты сақтауға, әділетті қоғам құруға, құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық бағдар болмақ.

Жаңартылған Ата заң – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың да мүддесін ескеретін тарихи құжат. Ол Қазақстанның демократиялық даму жолындағы сенімді қадамына айналып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік кепілі боларына кәміл сенемін.

Мұхтар ТӨЛЕГЕН,

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің

Басқарма төрағасы − ректоры

Соңғы жаңалықтар