• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт Бүгін, 12:22

Надежда Парецкая дауы: Біздің төреші Шайдоров пен Самоделкинаның өнерін әдейі төмен бағалады ма?

80 рет
көрсетілді

Италияның қос қаласында өткен Милан-Кортина-2026 Олимпиадасы мәресіне жеткенмен, төртжылдық тартысына қатысты талқы мен пікір қайшылығы толастамай тұр. Сондай таластың бірі Олимпиада бағдарламасында мәнерлеп сырғанау бойынша қазылық еткен Надежда Парецкаяның шешімдері айналасында туды. Кейінгі күндері әлеуметтік желі қолданушылары «Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалын басқаратын маманды дүбірлі додада ресейлік спортшыға бүйрегі бұрып тұрды деп айыптап жатыр. Желіде желдей ескен жазба авторларының пікірінше, Надежда Парецкая төрт айналымды секіруде сүрінген Ресей өкілі Аделя Петросянға негізсіз жоғары балл қойып, отандастарымыз Софья Сомаделкина мен Михаил Шайдоровтың өнерін лайықты бағаламаған, деп жазады Egemen.kz.

Кез келген спорттың қатардағы көрермен түсіне бермейтін қыр-сыры болатыны анық. Сол секілді мұз үстіндегі «сұлу өнердің» техникалық әрі шығармашылық қатпарлары қарапайым азаматтарға қарағанда майталман мамандарға, салаға сан жылдарын арнаған кәсіпқойларға анығырақ көрінеді. Осы ұстаным негізінде ұзақ жылдар бойы мәнерлеп сырғанау спортын зерделеп, осы тақырыпта қалам тербеп жүрген Лилиана Әлжановадан желі қолданушыларының Надежда Парецкаяға артып отырған кінәсі қаншалықты орынды екеніне қатысты пікірін білдік.

(Лилиана Әлжанова – спорт комментаторы)

Спорт комментаторы отандық төрешіге қатысты мәселеде байыппен бағамдайтын тұстар бар екеніне назар аударды.

«Кейбір көремен-жанкүйерлер мәселенің байыбына бармай жатып, артық жазып жатқандарын оқып қалдым. Мәнерлеп сырғанауда мұз жанында отыратын 9 төрешіден басқа да мамандар бар. Олар: рефери, техникалық бригада, видеоператор, мәлімет енгізуші оператор. Ел атынан аттанған Н.Парецкая – сол тоғыз төрешенің біреуі. Олар спортшы мұзға шығып жаттығуын орындаған соң, соның барысында істелген элементтің сапасы мен орындалуына ғана баға береді», деп түсіндірген Лилиана Әлжанова бұл ретте әу баста белгіленген бағдарламасын толық орындамай, мұзда сүрінген спортшының жоғары орыннан көрінбеуі қажет екенін айтып, дабыл қаққан қоғам пікірі де орынсыз емес дейді.

«Қоғамның сын садағына ілінген – құлаған спортшы 1-орын алмауы керек деген көзқарас та орынды. Ал сол спорттың маманы ретінде де оның өнерінің салыстырмалы түрде жоғарырақ бағалануы да орынды екенін айтпай кетуге болмас. Себебі А.Петросян Олимпиадаға қатысқан қыздардың арасында жалғыз өзі ғана төрт айналымды секірді. Иә, қателесті. Ол – факт. Ал бұл спорт түрінде төрешілердің жарыс алдындағы ресми дайындықтарға баратыны белгілі. Сол дайындықтарда төрешілер кімнің, қандай қабілеті бар екенін байқап, көріп сол спортшы туралы ой қалыптастырады. А.Петросян соңғы топта екінші боп мұзға шықты. Ал соңғы топта өнер көрсеткен спортшыға көбіне жоғары ұпай қойылады. Ал сол еркін жаттығудағы 12 элемент бойынша бағаларды бөліп қарасақ, Парецкаяның көпшіліктен асып бағалаған тұсын көрмейсіз. Сол төрттіктен құлағанына GOE – 5, яғни барлық төрешілердікіндей тең ұпай үлестірген», деді Лилиана Әлжанова.

(Надежда Парецкая – мәнерлеп сырғанау спорты бойынша төреші)

Қазақстан құрамасының қысқы Олимпиададағы жолы: Жылдар мен нәтижелер

«Парецкаяның Петросянға қойған бағасы есепке алынған жоқ»...

Парецкая дауына дүбір қосқан келесі жанкүйерлер сыны қорытынды есепте үздік ондықтан көрінген отандасымыз Софья Самоделкина бағасының салыстырмалы түрде төмен болуы. Хаттамаға көз салсақ Н.Парецкая А. Петросян өнеріне – 147,04 ұпай берсе, бағдарламасын мінсіз орындаған С.Самоделкина шеберлігін – 138, 60 балға бағалаған. Өз кезегінде спорт комментаторы біздің төрешінің төрелікті асыра пайдаланбағанын атап өтті. Спикердің сөзінше, маманның бұлай бағалауына бірнеше себеп бар.

«Мәнерлеп сырғанау – спорттың субъективті түрі. Бұл жерде элементтер метр, секундпен өлшенбейді. Сіз бен біз сияқты адам баға береді. Сондықтан да әр адамның сол элемент сапасына деген көзқарасы әртүрлі болады. Халықаралық конькишілер одағы спортшыларды бағалау әділ өтуі үшін ең көп және ең аз бағаны алып тастайды, яғни ол есепке алынбайды. Сондықтан Парецкаяның Петросянға қойған бағасы есепке алынған жоқ», деді Лилиана Әлжанова.

Спорт комментаторы 19 жастағы жерлесіміз С.Самоделкинаға қойылған бағаны да бағамдап көрді.

(Софья Самоделкина – Милан-Кортина-2026 Олимпиадасының қатысушысы)

«С.Самоделкина үшінші топта өнер көрсетті. Бұл дегеніңіз – алда әлі мықты (төртінші, соңғы) топ бар деген сөз. Сондықтан төрешілер бәрібір бұдан да мықты спортшылар мұзға кешірек шығатынын ескеріп отырады. Парецкаяның Самоделкинаға қойған бағасы көппен бірдей. Жақсы бағасын қойған. Хаттамаларды ашып қарасақ, Н.Парецкая қалған төрешілер берген баға аумағында. Ол – бірнеше жылдан бері гран-при, әлем және төрт құрлық чемпионаттары, Универсиада мен Азиадаларда төрелік етіп жүрген білікті маман», деп атап өтті ол.

Қазақстанның төрешісі Самоделкина мен Шайдоровтың балын қолдан төмендетті ме?

Желідегі жазбалардың мазмұнына үңілсек, Надежда Парецкаяның Михаил Шайдоровтың қысқа бағдарламадағы өнерін жеткілікті деңгейде бағаламауы, оны мұз үстінде бес рет төрт айналым элементін орындау үшін тәуекел етуге итермелеген. Жанкүйерлердің бұл сынына да маманның айтар уәжі бар.

«Мәнерлеп сырғанау екі жарыстан тұрады. Қысқа және еркін бағдарлама. Қысқа бағдарламада жақсы ұпай жинап, еркін жаттығуда соңғы, төртінші топта өнер көрсету өте маңызды. М.Шайдоровтың өзі де қысқа бағдарламадағы мақсатым соңғы топқа түсу болды деп айтты. Сондықтан 3-топта өнер көрсеткен Софьяға төрешілер жақсы баға берді. Олимпиада кезінде үздік ондықта болу оңай емес. Наурыздың соңында Прагада өтетін әлем чемпионатын Самоделкина тағы да ондықтан көрінсе, келесі жылғы чемпионатқа бізден екі спортшы апаруға мүмкіндік туады. Сондықтан да Софья өте жақсы орын алды деп ойлаймын. Сондай-ақ Олимпиада кезінде біздің төрешінің ерлер мен әйелдер жарысының екі жаттығуына да түскені қайта жақсы болды. Жеребе бізге солай сәтті түсті. Мысалы, қыздар арасындағы сында америкалық төреші еркін бағдарламада төрелік етуге өтпей қалды. Сондықтан да Парецкаяның жеребеден өтіп төрт бағдарламада да отыруы біз үшін тиімді болды. Ол отандастарымызға қатты көмектесіп, бағаны асыра сілтеп немесе кеміткен жоқ. Баға коридорынан шықпай, спортшыларымызға демеу болды деп айтар едім», деді Лилиана Әлжанова.

(Михаил Шайдоров – Милан-Кортина-2026 Олимпиадасының чемпионы)

Қап, әттеген-ай... Олимпиада ойындарында Элизабет Тұрсынбаева неліктен төрелік етпеді?

Желі қолданушыларының келесі күйбеңі Миланда төрелік етуге мәнерлеп сырғанау бойынша әйелдер арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Элизабет Тұрсынбаеваны жіберу керек еді деген өкінішпен өріліп отыр. Десе де Лилиана Әлжанова төрт жылда бір ұйымдастырылатын жаһандық жарысқа қазылық ету үшін арнайы лицензия иелену керек екенін жеткізді.

«Олимпиада төрешілерін Ұлттық олимпиада комитеті немесе Спорт министрлігі таңдамайды. Бұл – жылдар бойы жүретін процесс. Ереже мен элементтерді білетін кез-келген адам төреші бола алады. Ол үшін семинарларға қатысып, сертификат алу қажет. Содан кейін өз қалаңыздағы кішігірім жарыстарға төрелік ете бастайсыз. Белгілі бір межеге жеткен соң (мысалы шамамен 10 жарыс) қала чемпионаттарында төрелік етесіз. Тағы да оны белгілі бір санға толтырып, республикаға шығасыз. Жыл сайын (болжаммен қатарынан үш рет) ел чемпионатында төрелік еткен соң, халықаралық деңгейге шығуыңызға болады», деген спорт комментаторы халықаралық аренада әлем спортшыларының өнерін бағалау үшін Халықаралық конькишілер одағының (ISU) талаптарын да орындау керек дейді.

«Сонымен қатар Халықаралық конькишілер одағына (ISU) өтініш білдіріп, ел чемпионаттарында төрелік еткеніңізді дәлелдейтін құжаттарыңызды көрсетіп, ағылшын тілінде емтихан тапсырасыз. Сосын біртіндеп кішігірім халықаралық жарыстарға төрелік етесіз. Ешкім сізді бірден Олимпиадаға төрелік етуге алмайды. Гран-при, Еуропа, Төрт құрлық чемпионаттарында жүресіз. Содан кейін ғана Ақ Олимпиадаға баруға конкурсқа қатысуға болады. Жоғарыда жазылған жолды жүріп өткен маманды ISU өзі таңдайды. Оларға тіпті кереметтей ақша да төленбейді. Олар – өз еркімен төреші болып жүрген мамандар. Қазақстанда осындай халықаралық деңгейдегі төреші мен білсем, тек төрт-бесеу ғана. Ал Олимпиада ойындары деңгейіне жеткені Н.Парецкая ғана», деп атап өтті спорт комментаторы.

(Элизабет Тұрсынбаева – Пхенчхан Олимпиадасының қатысушысы)

Лилиана Әлжанова мәнерлеп сырғанаудан төреші болу үшін мәнерлеп сырғанаушы болу шарт емес екенін алға тартып, бұл тұрғыда алдымен, Элизабет Тұрсынбаеваның төрешілік лицензиясы бар-жоғын анықтау қажет екенін де тілге тиек етті.

Еске сала кетейік, 21 жастағы Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Мемлекет басшысының шешімімен Михаил Шайдоров II дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Ал төртжылдықтың басты додасында әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан ел намысын Софья Самоделкина қорғады. Жалпы есепте 207,46 ұпай жинаған Самоделкина жеке рекордын жаңартып, жарысты 10-орынмен аяқтады.

Соңғы жаңалықтар