Сенат депутаттары Шымкент қаласы мен Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар облыстарының тұрғындарымен кездесіп, жаңа Ата заң жобасын түсіндірді.
Депутаттар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Ө.Жолдасбеков атындағы №9 лицей ұжымымен және Шымкент қаласының №2 көпсалалы ауруханасының қызметкерлерімен кездесті. Парламентшілер жаңа Конституция жобасы еліміздің одан әрі дамуын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы құрылымдық өзгерістермен шектелмейді. Ол мемлекеттік басқарудың жауапты үлгісін қалыптастыруға, азаматтардың құқығын қорғаудың нақты тетіктерін күшейтуге және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған», деді Н.Бекназаров.
Ал сенаторлар Амангелді Нұғманов пен Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесті. Онда алдағы республикалық референдумға дайындық барысы пысықталып, үйлестіру жұмысының мән-жайы айтылды. Сенаторлар жаңа Ата заңда ұсынылған өзгерістер азаматтардың құқығы мен бостандығын кеңейтуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және өңірлердің тұрақты дамуына бағытталғанын атап өтті.
Қызылорда облысына барған депутаттардың жұмыс сапары Жалағаш ауданында жалғасты. Нұртөре Жүсіп пен Руслан Рүстемов Конституция жобасын түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өткізді. Аграршылар алдында сөйлеген Н.Жүсіп негізгі заңның жаңа редакциясы мемлекеттің саяси жаңғыруының маңызды кезеңі екенін әрі қоғамның нақты сұранысын көрсететінін атап өтті.
Сенат депутаты Ернұр Әйткенов Павлодар облысындағы сапарын облыстық коалиция штабының қызметімен танысудан бастады. Бұдан соң депутат өңір жастарымен кездесіп, конституциялық реформаның негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ ол муайтайдан республикалық жарыстың жеңімпаздарымен жүздесті. Сенатор спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырудың маңызды екенін айтты.
Депутаттар жалпы республикалық референдумның маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.