• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:55

Әділетті Қазақстанның конституциялық көрінісі

40 рет
көрсетілді

Елімізде жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Бұл ретте түбегейлі өзгерген жаңа Ата заңды әділетті Қазақстанды құру жолындағы қоғамдық келісімнің көрінісі деп атауға болады. Елдің саяси архитектурасын өзгертетін бұл «қайта жүктеу» тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түседі деген сенімдеміз.

Әлемдік контекст немесе құбылмалы заманның құбыланамасы

Ең әуелі, Конституциялық реформа­лардың жаһандық даму циклінің өзге­руі контекстінде жүріп жатқанын атап айтқан абзал. Канада Премьер-ми­нистрінің Давостағы сөзімен айтсақ, қазір әлемдегі ережелер қайта қаралуда. Жүйенің ауқымды трансформа­циясы, гео­саяси, геоэкономикалық және мәде­ни үрдістердегі ауқымды өзгерістер мен ал­пауыт елдердің қысымы орта дер­жа­валардың жаңа шынайылыққа икем­делуіне ықпал етуде. Қарқынды дамы­ған ғылым мен технология жаңа дәуірдің келбетін қалыптастыруда. Қақ­тығыстар артып, қайшылықтар күшей­ді. Рэй Далионың болжамынша, алда әлемді қаржы дағ­дарысы күтіп тұр. Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяу­лап, халықаралық сауда қарқы­ны әлсірейді деген болжам жасау­да. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады.

Осындай тектоникалық өз­герістер кон­тексті және саяси қалпына келтіру әсе­рінен азаматтарда құндылықтарға деген жаңа сұраныстар туындауда. Сон­дықтан қоғамды заман талабына сай жетілдіру үшін көптеген елдер ұста­ным­дары мен негізгі заңдарын қайта қа­рау­да. Мәселен, жақында Жапония премьер-министрі Конституцияға өзге­рістер енгізу бойынша ұсыныс жасады. Сол сияқты Германияда «Меркельдік модельдің» өзгеруін немесе Түркиядағы жаңа Конституция қабылдауға деген талпыныстарды айта аламыз. Осындай дүние дидары өзгерген құбылмалы заманда құбыладан жаңылмау үшін елімізде жаңа Конституцияға деген сұраныстың болуы – заңдылық.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар», деп атап көрсеткеніндей, қолданыстағы Конс­титуция – азаттықтың арайлы таңын­да егемен ел ретінде таңдауын жасап, мемлекеттік құрылымдардың іргесі енді беки бастаған кезде жазылғандықтан, сол дәуірдің сипаты аңғарылады.

Жаңа Конституция қабылдау арқы­лы Қазақстан болашақ даму стратегия­сын анықтайды. Кезінде «Қытай ғажа­бының» негізін қалаған Дэн Сяопин ба­сым бағыттар ретінде саяси тұ­рақты­лықты сақтау, технология және инвес­тицияға сүйенген экономиканы модер­низациялауға қажетті жаңа даму моделін жасау, оны әлемдік экономика мен сая­сат­қа интеграциялау және ашық қоғам мен саяси институттарды дамытуды ұсын­ған. Қазақстан да қазір іргелі рефор­малар нәтижесінде дамудың жаңа кезеңі­не қадам бас­ты, елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып ке­леді. Сондықтан жаңа Конституция қабылдау­дағы басты мақсат – тәуелсіз­дік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, посткеңестік кеңістіктің қисынынан шығып, Қазақстанды заман талабына сай қайта форматтау, мемлекеттің құрылу кезеңін қорытындылап, даму кезеңінің басым бағыттарын айқындау және алдағы онжылдықтарға арналған моделін келесі ұрпаққа ұсыну. Әлбетте, бұл модельдің Әділетті Қазақстан, адал азамат, бірегей қоғам, озық ойлы ұлт тұжырымдамалары іргета­сында қалыптасуы – заңдылық. Елдің дамуына, ұлтымыздың ұйы­суы­на қажетті осы құндылық­тар қағидаты Ата заңда толық қамтылған. 

Конституцияның интеллектуалды-философиялық негіздері

Ұсынылып отырған Конститу­цияның мүлдем жаңа құжат екенін оның преамбуласынан да аңғару­ға болады. Халықтың біртұтас екеніне екпін берген бас құжат мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңдаған жыл­дық тарихының сабақтастығын сақ­тауға, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылайды. Осы ретте айта кетерлік жайт, Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат төрағасы қызме­тін­де жүрген­де, дәлірек айтқанда, 2017 жылы ақпанда тарихи ұғымдарды Конс­­ти­ту­цияға енгізу қажеттігін жазған болатын. Сол сияқты преамбулада көрсе­тілген Әділетті Қазақстан идеясы, Заң мен Тәртіп қағидаты да 2019 жылдан бері айтылып келе жатыр. Бұл орайда «Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауап­кер­шілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идея­лық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады» деген Мемлекет басшысының бас­та­малары жаңа Конституцияның рухын қалыптастырғаны айқын аңғарылады. Сондықтан жаңа Ата заңды бірнеше айдың жұмысы ретінде емес, жылдар жалғасқан интеллектуалдық ізденістің нәти­жесі деп қараған жөн.

Әрине, бұл іргелі бастамалар ішінде «Әділетті Қазақстан», адал азамат, озық ойлы ұлт, біртұтас қоғам ұғымдары – жаңа заманға сай туындаған ілкімді із­де­ністер. Бұл туралы Президенттің «Елі­міздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүм­кін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үш­­таған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты» деп атап өткені белгілі. Расында, Адал азамат. Біртұтас ұлт. Әділетті мемлекет – бұл біз үшін елдіктің үштағаны. Адал азаматтар озық ойлы ұлтқа айналады, береке-бірлігі жарасқан біртұтас қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады. Біріне-бірі байланған, біріне-бірі айналған, бірінсіз бірі жоқ осы үштаған – біздің ұлттық мұратымыз. Бұл ретте қоғамның мемлекетке, мемлекеттің қоғамға сенім білдіруі маңызды. Өйткені Конституция тек құқықтық акт емес, ол – қоғамның өз мемлекетіне деген сенімінің көрсеткіші. Сол себепті жаңа Конституция арқылы сенім мен әділеттілікке сүйенген жаңа қоғамдық келісім жасалуда. 

Адам – басты капитал

Конституцияның кіріспесін­де «адам­ның және азаматтың құ­қықтары мен бостандықтары мүл­тіксіз сақталады» деп жазылған. Сондықтан Мемлекет басшысы «Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз» деп атап көрсеткендей, Ата заңның бірінші бабында адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоға­ры құнды­лығы ретін­де айқындалады. Қол­даныстағы Конс­титуцияда адам құқықтары қағаз жүзін­де бе­кітілгенімен, жүйенің өзегіне ай­нал­маған еді. Ал жаңа Ата заң­­ның төрін­де адам тұр. Адам құ­­қықтары мен бостан­дықтары бүкіл жүйенің іргетасы болып саналады. Өмір сүру әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы ретінде белгіленеді. Әр адамның ар-ождан бостан­дығына құқығы бар. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға, зорлық-зомбылық жасау­ға, қатыгездік көрсетіп, жәбір­леуге болмайды. Сөз бостанды­ғы­на, ғылыми, техникалық, көр­кем шығармашылық еркінді­гіне, еркін ақпарат алуға кепіл­дік беріліп, цензураға тыйым салынады. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.

Егер ХХ ғасырда адам құқық­тары негізінен саяси еркіндіктермен өлшенсе, бүгінде олар адамның толық қауіпсіз өмір сүру кеңістігін қамтиды. Сондықтан жаңа жобада құқықтарды қорғау декларация деңгейінде қалмай, нақты құқықтық механизмдер арқылы күшейтіледі. Өлім жазасына толық тыйым салу өмірдің абсолюттік құндылық екенін бекітсе, жеке өмірге қол сұқпаушылық нор­масының цифрлық деректерге дейін кеңеюі құ­қық­тық жүйенің жаңа шы­найы­лықты мойын­дағанын көрсетеді. Конституция азаматты тек физикалық әлемде ғана емес, цифрлық әлемде де қор­ғауға тиіс деген идеяның құқықтық деңгейде бекітілуі осыдан туындайды.

Адамды дүниеге әкеліп, оны азамат ретінде қалыптастыратын – отбасы. Жаңа Ата заңда «неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқылы одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәс­түрлі құндылықтарды сақтап қалу мақ­са­ты көзделеді. Ал адам мен отбасын бірге тұ­руға жағдай жасайтын баспана екені бел­гілі. Баспаналы болу – отбасын нығай­тады, болашаққа деген сенімін еселейді. Түзетулердің ішінен тағы бір қажетті норманы айта кету керек. Конституциядағы «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұр­­ғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже Мемлекет басшысының Үкі­мет отырысындағы ұсынысы­мен «тұр­ғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот ше­ші­мінсіз жол берілмейді» деп толықтырылды.

Жаңа бас құжатта тағы бір маңызды жайтқа – қоршаған ортаны қорғауға және экология мәселесіне ерекше назар аударылған. Әрине, табиғат – біздің енші­міз ғана емес, ол – бабалардан жеткен бас­ты байлығымыз, болашаққа таза күйінде тапсыратын аманатымыз. Оны көзі­міздің қарашығындай сақтау – ұр­пақ алдындағы парызымыз. Сон­дықтан құжатта адам мен эко-жүйенің тұтас қарас­­тырылуы – адал азамат идеясы мен «Таза Қазақстан» бағдарламасының жаңа Конс­титуциядағы көрінісі деп бағалауға болады. 

Біртұтас халық – бірегей қоғам

Заңдар әдетте қоғамдық қа­тынастар жүйесінде іске асады. Жаңа конституциялық логика қоғамды азамат­тардың жиынтығы ретінде емес, ортақ құндылықтар арқылы байланыс­қан әлеу­меттік организм ретін­де сипаттауға ұмтылады. Бірлік, қо­ғамдық келісім, мәдени даму, білім, тарихи мұра, таби­ғат­қа жауапкершілік сияқты ұғым­дардың конституциялық мәтін­де аталуын осы тұрғыдан түсі­ну керек сияқты. Бұл жерде маңызды саяси ой жатыр: қо­ғам­ның ішкі сенімі болмаса, ең жетілген мемлекеттік институттар да ұзақ тұрақтай алмайды. Сондықтан қоғамдық диалог, мәдени саясат және білім жүйесі тек әлеуметтік бағдарламалар емес, мемлекеттің қауіп­сіздігі мен тұрақтылығының негізгі фак­тор­лары ретінде қарастырылады. Осылайша, мемлекет қоғамды басқару объектісі ретінде емес, қоғам мемлекет өмірінің тірегі ретінде түсіндірілетін модельге қарай жылжиды.

Ата заңның кіріспесінде халық бір­тұтас ретінде сипатталады. Осы бір­ауыз сөз арқылы көп мәселе түйінін тарқа­тып отырған сияқты. Бүгінде ел азаматтары өздерін біртұтас қазақ ұлтының мүшесі сезінетін және азаматтық біре­гейлік қалыптасып, оған деген сұра­ныс бар екенін ескерсек, бұл формула қоғамдық бірегейлікті күшейтуге бағыт­талғанын көрсе­теді. Демек бірлік азаматтық ке­лісім арқылы қамтамасыз етілуге тиіс деген тұжырым ұсынылады.

Конституцияның 4-ба­бын­да халық – мем­­ле­кет­тік биліктің бірден-бір бас­тауы және Егемен­дік иесі ретінде көрсе­тіледі. Осы орайда ойға бір жайт түседі: «Егемендік» сөзін алғаш қаламгер Шер­­хан Мұртаза Түркия сапары­­нан кейін енгізгені белгі­лі. Бұл – Түр­кия Республикасы Парламентінің қабыр­ғасына жазылған «Егемендіктің иесі – халық» деген сөзден алынған еді.

Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет ұлттық ерекшелігіміз бен тарихымыз, қоғамдық құн­ды­лықтарымыз басты орынға қойы­лады. Бұл жай дек­ла­рация емес, кім екенімізді және қай­да бет ал­ғанымызды заң тұрғысынан бе­­кі­ту. Сондықтан Ата заңда бірлік пен ке­лісімнің негіздері нығая түседі.

Бірегейлік туралы сөз бол­ғанда, Қазақстан халқы Ассам­блеясы туралы айт­пай кете алмаймыз. Әрине, Ас­самблея өзі­нің 30 жылдық тарихында елі­міз­­дің бірлігіне, этностар ара­сындағы ынтымақтың артуына, Қазақстанды ортақ отанымыз деп түсінетін буынның қалыптасуына ықпал етті. Сондықтан оның Халық кеңесінің құрамына енуі – әділетті баға. Халық кеңесі­нің құзыреті де, мүмкіндігі де Ассамблеядан кең екенін ескерсек, бұл трансформация ұлттық бірегейлік пен әділет қағидатына толық сәйкес келеді. Енді ешкім белгілі бір этностық топтың немесе Ассамблея мүшесі болғаны үшін ғана Парламентке келмейді, барлық қазақстандықтың құқығы мен мүмкіндігі тең. Бұл ретте еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты маңыз­ды. Сондықтан қоғам­да ұлтына қарай ерекшеленуге ұмтыл­ған кез келген әрекетке, азаматтар­ды тіліне, дініне бола арандатуға, яки кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалып­тастыру қажет.

Осы орайда бір жайтқа тоқтала кеткен жөн. Кейінгі жылдары әлемде «әсіресе оңшылдық» пен «ультра ұлтшылдық» құбылы­сының белең алуы байқалады. Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде үкіметке оңшыл партия­лар келді, қоғам­да оңшыл көш­басшылар мен қозға­лыстардың танымалдығы еселене түсті, оның бұқаралық мәдениеттегі көрінісі де қарқын алып келеді. Бұл ретте ультра ұлтшылдық қоғамның ішкі тұтастығына сызат түсірері анық. Ұлттық құндылықты қорғау мен насихаттау маңызды, бірақ ол азаматтық теңдік, адам құқықтары және өзге мәдениеттерді құрметтеу прин­циптерімен қатар жүруге тиіс. Өйткені ұлттың шынайы күші – әр алуандықты бағалап, ортақ игілік үшін біріге алуын­да. Әрине қазіргі геосаяси контекстте кейбір ұлттар, тіптен тұтас аймақтар әсіре ұлтшылдық­тың жетегіне кетіп жатқанын байқаймыз. Бұл бір жағынан циклді тарихтың қайталануы, тіптен кейбір ғалымдар жазғандай әлеуметтік өзгерістерге деген реакцияның нәтижесі. Бәлкім, объективті шынайылық десе болады. Дегенмен ұлтшылдықтың радикалды формасы қауіпті, ал оның жиі апарар жолы – катаклизмдер. Сол себепті бұл тақырып өте сезімтал.

Сондықтан болса керек, бас құжатта жауапты әрі жасампаз отан­шылдық ұғымы нақты жазы­­лады. Өйткені ұлт ұпайы ұран­шылдықпен түгенделмейді. Отан­шылдық, мемлекетшілдік – мем­­лекеттің мүддесін өз мүд­десі­нен жоғары қою әрі ел мүддесі жо­лында еңбек ету. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгін­шіл, менікі ертең үшін» деген әйгі­лі сөзі осындайда еске түседі. Ен­деше жаңа Конституция да елдің ертеңін, айқындайтын құжат екені анық. 

Озық ойлы ұлт

Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрыл­тайда еліміздегі цифр­ландыру үде­рісінің институ­ционалдық-құқық­­тық негізін Ата заңға енгізу туралы ұсы­ныс айтты. Соның негізінде Ата заң­да «білім, ғылым мен инновация құнды­лықтарын бағдарға алу» басымдық ретін­де белгіленіп, осы салаларды дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таныды.

Расында ХХІ ғасырда жасанды интеллект арқылы ғылыми прогресс, технология үдерісі өте жылдам жүріп жатыр. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бос­тандықтарына тікелей әсерін тигізу­де. Экономика негі­зінен цифрлық плат­формаларға көшті, мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа өтті, дерек­тер ұлттық ресурсқа айналды, ал ақпараттық қауіпсіздік әскери қауіп­сіз­дікпен тең қарастырыла бастады. Бұ­рын мемлекет азаматты әкімшілік тетік­тер арқылы басқарса, бүгін мемлекет азаматқа көрсетілетін қызмет сапасы ар­қылы бағалана­ды. Сол сияқты, құқық­тық жүйе физикалық кеңістікті реттеу­ге ғана бағытталған болса, бүгін ол вир­туалды кеңістікті де қамтуға тиіс. Осындай жағдайда құқықтық негіз өзгер­­мей қалса, ол шындық­тан артта қалады. Сондықтан жаңа Ата заңды даму мен жал­пы бас­қару философиясының өз­геруі ретінде қарастыру қажет.

Осы ретте қоғамда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының жекелеген өңірлерінің эко­номикасын қар­­қынды дамыту мақ­сатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режім мен «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімі конс­титуциялық заңдарға сәйкес белгі­ленуі мүмкін» деген ережеге байланыс­ты талқылаулар болып жатқаны белгілі. Бұл жерде мәселе «Alatau Cıty» және «Астана Қаржы» орталығы (AIFC) сияқты құрылымдар туралы екені анық. Біздіңше, жаңа технологиялардың орталығына айналатын «Alatau Cıty» – болашақтың қаласы, ұлт­тық арманның материяға айналған формасы, сондықтан технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам, еліміз үшін әлемдік даму көшінен қалмаудың бір мүмкіншілігі.

Көптеген конституциялар өткен тәжірибені бекітуге бағыт­талса, жаңа жоба­да болашақ ұр­пақ алдындағы жауап­керші­лік­тің тікелей көрсетілуі мемле­кет­тің ұзақмерзімді даму философия­сын құқықтық деңгейде бекіту әрекеті ретін­де көрінеді. Мем­лекеттік саясаттың басым­дықтары қатарында адам капиталы, білім, ғылым және ин­новацияның көрсетілуі елдің даму бағыты табиғи ресурс­тарға ғана емес, білім экономикасына сүйенуге тиіс деген стратегиялық сигнал ретінде қабылданады. Осылайша, Конституция тек бүгінгі басқа­руды реттейтін құжат емес, ұзақ­мерзімді ұлттық даму моде­лінің құқықтық негізіне айналады. 

Әділетті мемлекет

Жаңа Ата заң – Әділетті Қазақстан­ның конституциялық көрінісі іспетті. Конституция жобасына енген нормалар, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Сол арқылы еліміздегі саяси архитектура түбегейлі өзгерді. Бұл еліміздің ұзақмерзімді саяси даму бағытын айқындайды. Өйткені Конституцияның 2-бабына «Қазақстан Республикасы­ның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деп жазылған.

Бас құжат арқылы саяси инс­­титут­тардың өзара әреке­тін­де жаңа теңгерім пайда бол­ды. Президенттік басқару форма­сының нақтылануы, Вице-прези­дент қызметінің қайта енгізілуі, кәсіби бір палаталы Парламент, оның бақылау функцияларын күшейту, Үкіметтің сая­си жауап­кершілігін нақтылау сияқты ұсыныстар басқару жүйе­сінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте билік­тің тепе-теңдігі мен жауапкершілігі нақ­ты құқықтық механизмдер арқылы қам­тамасыз етілген. Сол арқылы енді жұрт­шылық «кім келеді?» деп емес, «жүйе қа­лай жұмыс істейді?» деп ойлана бастайды.

Құқықтық мемлекет, әділдік, заң мен тәртіп, ашықтық және қоғамдық келі­сім қағидатта­ры Конституцияда бекі­тілген. Қазақстан Республикасы демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылған. Парламенттің рөлі Құрылтай негізінде жаңғыртылып, саяси өкілдіктің мазмұны жаңа талаптарға сай қайта қаралған. Парламентте енді Прези­дент квотасы болмайды, депутаттар бәріне бірдей тәртіппен сайланады. Халық кеңесі – тұрақты диалог алаңы және азаматтық қоғамның үні, ұлттың мінбері ретінде айқындалған. Бұл ретте түгел түркі жұртына етене таныс Құрылтай ұғымының жаңа деңгейге көтерілуімен бірге «Кеңес» сөзінің мән-мағынасы да ұлтымыз үшін маңызды. «Халық кеңесі», «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» болғанын тарихтан білеміз.

Қорыта айтқанда, тарихи кезең бізден асқан жауапкершілікті талап етеді. Тарих толқынында біртұтас халық, адам құқықтары қорғалған бірегей қоғам, эконо­микалық және ғылыми-техно­ло­гиялық дамуға қадам басқан озық ойлы ұлт және тәуелсіздік пен тұтастық­ты қам­­тамасыз еткен әділетті мемлекет болу үшін құндылықтарын қайта қа­рап, қа­­лыптастыратын Конституция қа­жет. Сон­дықтан алдағы рефе­рендум маңызды.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

сенатор, академик 

Соңғы жаңалықтар