Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ілияс Жансүгіров және Қызылорда кезеңі» атты көшпелі көрме ашылды. «Жыр Құлагері» атанған ақынның Талдықорғандағы әдеби музейінен Сырға жеткен жәдігерлерді тамашаладық.
Экспозицияда Ілияс Жансүгіровтің тұтынған заттары, сирек қолжазбалар, фотосуреттері мен құнды архивтік құжаттар бар. Ақынның Қызылорда ел байтағы атанған тұстағы шығармашылық ізденістері мен қоғамдық қызметі көрмеде кеңінен қамтылып, сол дәуірдің әдеби-рухани тынысы айқын көрініс тапқан.
Ақын киген былғары плащ пен тік жаға жейде, шығармаларын басқан «Mersedes» маркалы жазу мәшіңкесінің жанына жиналғандар қатары көп екен. Қызылордада шыққан шығармалары, қаламдастарымен түскен фотолар жазықсыз жалалы болып айыпталған кезіндегі құжаттарға жалғасады. Айыптау үкімі, жинақ кітапшасы, төлқұжаты, кейбір шығармаларының қолжазбасы да тұр.
«Ресейде «Выставка одного экспоната» деген жоба бар. Жансүгіров жәдігерлерінің әрқайсысынан сондай көрме жасауға болады», дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жанат Ахметова.
Ақын атындағы әдеби музей меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваның айтуынша, мекеме орналасқан Талдықорғандағы ғимарат тарихи нысандар қатарына жатады. «Қосшы» ұйымының өкілі ретінде ақын бірнеше мәрте болған үй оның туғанына 90 жыл толуына орай 1984 жылы музей болып ашылыпты.
«Қазір музейде 6 мыңнан астам жәдігер сақтаулы тұр. Олардың қатарында өзі ұстаған заттар мен шығармаларынан бөлек ілиястанушылардың еңбектері де бар. Сонымен қатар Ілияс – алғашқы кәсіби білім алған журналист. Қазір қайраткердің Мәскеудегі Журналистика институында оқыған кезеңіне қатысты құжаттарды іздестіру үстіндеміз. Оқудан кейін Қызылордадағы «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке келген ақынға қатысты сондай деректер осы Сыр елінен табылып қала ма деген үмітіміз бар», дейді Н.Жауынбаева.
ҚЫЗЫЛОРДА