• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 18:29

Айыппұл өссе де адам өлімі азаймай тұр? Сарапшы не дейді?

10 рет
көрсетілді

2025 жылы Қазақстандағы жол апаттарынан келетін экономикалық шығындар айыппұлдардан жиған кірістен екі есе артық болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримовтың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның ІЖӨ көлемі 300 млрд доллар болды. Бір қарағанда, әкімшілік айыппұлдардың 315,6 млрд теңгеге дейін өсуі (2025 жылы шамамен 627 млн доллар) фискалдық саясаттың табысы сияқты көрінеді.

Бірақ шынайы жағдайға көз жүгіртсек және жол-көлік оқиғаларынан келетін нақты шығынды есептесек, көрініс мүлде басқаша болады – әрі қорқынышты.

Шығынды қарапайым есеппен бағалау

Адам өмірінің құнын есептеу – өте қиын, даулы әрі жағымсыз тақырып. Бірақ шамамен, қарапайым деңгейде есептеп көрейік.

Берілгендер:

⁠ ⁠Жан басына шаққандағы ЖІӨ – шамамен 15 000 доллар ⁠ ⁠Қазақстандықтың орташа еңбек ету мерзімі – 40 жыл

(ДТП салдарынан қаза тапқандар орта есеппен тағы 40 жыл өмір сүре алатын еді деп алайық)

⁠ ⁠2025 жылы жол апатынан қаза тапқандар саны – 2 330 адам

Бір статистикалық өмірдің шартты құны: 15 000 доллар x 40 жыл = 600 000 доллар

Тек өлім-жітімнен келген жалпы экономикалық шығын: 600 000 доллар x 2 330 адам = 1,4 млрд доллар

«Сергек» парадоксы

Бейнебақылау камералары елдің барлық өңірінде орнатылып жатқанына қарамастан, жүйелі бір мәселе анық байқалады:

⁠ ⁠2015 жылдан 2025 жылға дейін айыппұл көлемі 56,8 млрд теңгеден 315,6 млрд теңгеге өсті (яғни 5,5 есе) ⁠ ⁠Жол-көлік оқиғаларының саны 18 917-ден 36 146-ға дейін артты (шамамен 2 есе)

Бас прокуратура жанындағы ҚПСжСУ деректеріне сүйенсек, біз классикалық «жаза тұзағын» көріп отырмыз: соңғы 10 жылда әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 17,6 млн-ға жеткен, яғни 4 есе өскен.

Бұл дегеніміз – елдегі әр адамға, тіпті сәбилерді қосқанда да, орта есеппен бір құқық бұзушылықтан келеді. Ал бір нәрсе жаппай сипат алса, айыппұл тәрбиелік құрал болудан қалады. Ол жай ғана «жасырын салыққа» айналады.

Не істеу керек?

Егер Қазақстан жол апаттарындағы өлім-жітімді азайтқысы келсе, «жазалау» моделінен

Vision Zero (нөлдік өлім) моделіне көшуі керек.

Камералар фактіні тіркейді, бірақ апаттың алдын алмайды.

Сондықтан мынадай нақты ұсыныс бар: айыппұлдан жиналатын қаражатты (сол 315 млрд теңгені) елдің трассаларында қарсы бағыттағы көлік ағындарын бетон немесе металл қоршаулармен бөлуге бағыттау керек.

Бұл шешім маңдайдан соғылатын апаттарды жояды. Ал дәл осы апаттар Қазақстандағы жолдағы өлімнің негізгі себебі болып отыр.

Егер біз ЖІӨ-ні екі есе арттырғымыз келсе, бір қарапайым шындықты ұмытпауымыз керек: әрбір қазақстандықтың өмірі – жай ғана демографиялық көрсеткіш емес, экономиканың негізгі активі. Онсыз экономиканы екі есе өсіру физикалық тұрғыда да мүмкін емес.

Соңғы жаңалықтар