Астанада «SARAP» эксперттік клубының отырысында жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдум қарсаңында ғылыми-технологиялық егемендіктің мемлекеттің дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтудағы рөлі талқыланды. Негізгі назар ғылыми тәсілдерді қайта зерделеуге, ғылымды басқару жүйесін жетілдіруге, қаржыландыру тетіктерін жаңғыртуға және жас зерттеушілерді қолдауға аударылды, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Отырысқа ғылыми қауымдастық, зерттеу ұйымдары және жас ғалымдар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
«Ғылыми-технологиялық егемендік – бүгінде дамудың стратегиялық бағыты ғана емес, мемлекеттілікті конституциялық тұрғыда нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі. Елдің бәсекеге қабілеттілігі мен ұзақ мерзімді, орнықты дамуы ғылым, білім және өнеркәсіп салаларында қабылданатын институционалдық шешімдердің сапасына тікелей байланысты», деді Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым.
Отандық тарихтың жекелеген аспектілері жөнінде қалыптасқан түсініктерді қайта қарау қажет. Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов осылай дейді. Сондай-ақ ол баламалы дереккөздер мен шетелдік зерттеулерді тарту арқылы историографиялық базаны кеңейтудің маңызына тоқталды. Ғылыми сараптамадағы субъективтілік мәселесін де көтеріп, адами фактордың ықпалын азайту мақсатында жобаларды іріктеу мен бағалаудың автоматтандырылған алгоритмін енгізуді ұсынды.
Ал Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Светлана Кожирова Қазақстан ғылымының стратегиялық әлеуетіне тоқталды. Ол өз баяндамасында Қазақстан туралы шетелдік ғылыми жарияланымдарға шолу жасап, онда еліміздің ядролық ғылым, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар (критикалық минералдар), аграрлық зерттеулер және цифрлық шешімдерді дамыту салаларындағы берік әрі бәсекеге қабілетті позициясы кеңінен атап өтілетінін жеткізді.
«Young Researchers Alliance» ҚБ төрағасы Әсия Ермұхамбетова ғылыми қызметтің кадрлық өлшеміне ерекше назар аударды. Ол зерттеулердің ұзақ мерзімді сипатының маңызын атап өтіп, көп жағдайда жобалар кемінде 3 жылға есептелетінін айтты.
«Осыған байланысты зерттеу ұжымдарының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы реттеуші және конкурстық тетіктерді қайта қарау қажет. Сондай-ақ жас ғалымдардың мансаптық траекториясының айқын болмауы мен еңбек жағдайларының тұрақсыздығы мәселесі қозғалды. Сарапшы «бұл факторлар 30 жасқа дейінгі мамандардың ғылым саласына келу қарқынын едәуір тежеп отыр», деді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Жас ғалымдар клубының төрағасы Эльмира Отар ғылымды басқарудың нормативтік архитектурасы қалыптасқанымен, практикалық тиімділігі рәсімдік және ұйымдастырушылық олқылықтарға байланысты шектеулі болып отырғанын айтты.
Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының докторанттары да ғылым саласын дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын ортаға салып, оның конституциялық мәртебесін нығайтудың маңызын атап өтті. Ұсыныстар қатарында сараптама рәсімдерін автоматтандыру, ғылыми нәтижелерді бағалау критерийлерін зерттеу бағыттарына қарай саралау, сондай-ақ зерттеушілер үшін кәсіби дамудың ашық әрі түсінікті модельдерін қалыптастыру шаралары айтылды.
Пікірталас аяғында қатысушылар ғылыми-гуманитарлық және ғылыми-технологиялық егемендікті нығайту кешенді тәсілді талап етеді деген орамға келді.