Түркістан қаласында Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің экономика және сауда министрлерінің 14-ші кездесуі ұйымдастырылды. Жиында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кооперацияны тереңдетудің нақты тетіктерін айқындау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырысты ашқан Асан Дарбаев жиынды түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістанда өткізудің символдық мәніне тоқталды.
«Ұлы Жібек жолы халықтарын тарихи біріктірген түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда бас қосу ерекше мәнге ие. Бүгінде біріккен аумақтық қоғамдастық диалог алаңынан практикалық ынтымақтастықтың тиімді тетігіне айналып, жаңа құн тізбектерін қалыптастыруға және сауда байланыстарын кеңейтуге көшуде», деді ол.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ТМҰ елдерінің өзара сауда көлемі 11,9 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстанның тауар айналымы:
Өзбекстанмен – 4,3 млрд доллар,
Түркиямен – 4,9 млрд доллар,
Қырғызстанмен – 2 млрд доллар,
Әзербайжанмен – 425 млн долларды құрады.
Инвестициялық өзара іс-қимыл да қарқын алып келеді. 2005-2025 жылдар аралығында ТМҰ елдерінен Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 6,3 млрд доллардан асты, оның ішінде 2025 жылы шамамен 210 млн доллар салынған.
Коалиция мүшелері Түркістан облысы тұрғындарымен кездесті
Өз кезегінде, отандық инвестициялар ТМҰ елдерінің экономикаларына шамамен 5 млрд долларға жетті. Тек 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 1,3 млрд доллардан асты.
Қазіргі таңда Қазақстанда ТМҰ елдерінің капиталы қатысатын 12 мыңнан астам компания және 1300-ден аса бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар сауда мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға елеулі үлес қосып отыр.
Асан Дарбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының ұстанымына да тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ның экономикалық әлеуетін арттырудың, көліктік-логистикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Түркі инвестициялық қоры. Біз қор тарапынан қаржыландыруға әлеуетті дайын басым жобалардың тізбесін қалыптастыруға кірісуді ұсынамыз», деді ол.
Кездесу барысында сауда кедергілерін азайту, көлік бағыттарын әртараптандыру және цифрлық сауда құралдарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
583 млн теңгеден астам залал: Түркістанда мектеп қаржысын жымқырған 14 адам сотталды
Шығыс пен батысты байланыстыратын стратегиялық бағыт ретінде Орта дәліздің рөлі аталып өтті. Бұл маршрут өзара сауданың өсуіне және транзиттік әлеуетті арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы экономика, сауда, инвестициялар және қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың Жол картасы бекітілді. Құжатта бірлескен жұмыстың басым бағыттары мен оларды іске асыру тетіктері айқындалған.
Отырыстың басты оқиғасы – экономика және сауда министрлерінің XIV кездесуінің қорытынды коммюникесіне қол қою рәсімі болды.
Түркістанға көктем ерте келді: Нәурізек құсы оралып, бәйшешек гүлдеді
Сонымен қатар, мүше мемлекеттер арасында сауда саласындағы әріптестік туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум жасалды.
Қабылданған шешімдер ТМҰ елдерінің экономикалық интеграцияны кезең-кезеңімен нығайтуға, инвестиция мен технологиялық дамуға негізделген заманауи ынтымақтастық архитектурасын қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысын айқындайды.