Шымкентте жауын-шашын салдарынан Бадам өзені арнасынан асып, жанындағы елді мекендерді су шайып кетуі мүмкін деген қауіп тұрғындардың үрейін туғызды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар жұртты сабырға шақырып, өзен жағасындағы үйлер үшін қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша бүгінгі таңда жағдай тұрақты және алаңдауға ешқандай негіз жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, көктем мезгілінде су деңгейі жиі көтерілетін өзеннен тұрғындарға қауіп келмеу үшін өткен жылы жағалауы 5,3 шақырымға бекітіліп, ол желтоқсан айында толық аяқталған болатын. Сонымен бірге қазынадан құрылыс жұмыстарына 2,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Президент су тасқыны мен құрғақшылық қаупіне алдын ала дайындалуды тапсырды
Сондай-ақ қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы айтып өткендей, Игілік, Жаңаталап, Көкбұлақ елді мекендерінің тұсындағы өзен арнасы реттеліп, жағалауы бетондалған. Алайда белгісіз біреулер өзен арнасынан заңсыз тас қазып алып, гидротехникалық құрылысқа зиян келтірген. Соның салдарынан бетон бөгеттің 40 метрге жуық бөлігі бүлінген. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтау ісімен айналысып жатыр. Жобаның кепілдік мерзімі 7 жылды құрайтындықтан зақымданған бөлігі мердігер компанияның есебінен жөнделеді.
Тараздағы тасқын қаупі: ТЖМ мен әкімдік шұғыл іске кірісті