Әлемде мұнай экспорттаудан бюджетіне кіріс түсіріп отырған мемлекет аз емес. Ал елімізден көмірсутекті шикізаты шетел нарығына ұдайы экспортталады. Өйткені мұнай-газ өнеркәсібі – серпінділік стратегиясына айналған сала. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өңделетін мұнай көлемін ұлғайту, зауыттарды жаңғырту мәселелеріне арнайы тоқталуы бекер емес. Бұл сала экономиканың әр буынына серпін беріп, бюджет қоржынына мол табыс түсіріп келеді.
Елге тірек болған сала
«Energy Monitor» қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың дерегіне сүйенсек, ел мұнайшылары 1990 жылы 25,5 млн тонна «қара алтын» өндірген еді. Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылы өндірілген «қара алтын» көлемі 26,6 млн тоннаға жетті.
Рас, бұл – сол кезеңдегі өлшеммен тым-тәуір көрсеткіш. Алайда бір жылдан соң мұнай көлемі 800 мың тоннаға төмендеп, 25,8 млн тоннаны құрады. Мұны аталған саладағы құлдырау демесек те, бұл үрдіс 1996 жылдың соңына дейін жалғасты. Демек, содан кейінгі жылдары «қара алтын» өндірісі азайғаны байқалады. Мәселен, 1993 жылы – 22,9 млн, 1994 жылы – 20,3, ал 1995 жылы – 20,6, 1996 жылы 23 млн тонна көмірсутекті шикізат өндіріліпті.
Отандық мұнай-газ өнеркәсібі саласының өрлеу кезеңі 1997 жылы басталды. Сол жылы мұнайшылар 25,8 млн тонна «қара алтын» өндіруге қол жеткізді. Алайда бұл жылдары әлемдік нарықта баррель бағасы төмендеп, өнім экспорттаудан түсетін табыс азайды. Соған қарамастан дәл осы жылдан кейін елімізде мұнай өндіру көлемі күрт артты.
«Қазақстанда 1991 жылдан 2024 жылдың соңына дейін 2 млрд тонна мұнай өндірілді. Бұл өнімнің нарықтағы құны – шамамен 1 трлн доллар. Қазақ жерінен өндірілген «қара алтын» құнына есептеу жүргізілгенде, әлемдік нарықтағы баррель бағасының сан мәрте құбылғаны ескерілді», дейді сала сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, елімізде мұнай өндірілетін бес облыс бар. Ел мұнайының 95 пайызы батыс аймақтағы төрт облыстың аумағында өндіріледі. Соның ішінде Атырау облысындағы мұнай компанияларының үлесі – 56 пайызы. Ал 20 пайыз «қара алтын» Маңғыстау облысында тіркелген компаниялардың иелігіндегі ұңғымалардан алынса, Батыс Қазақстан облысының мұнайшылары – 13 пайыз, Ақтөбедегі компаниялар 6 пайыз мұнай беріп отыр. Сондай-ақ Қызылорда облысында мұнайдың 5 пайызы өндіріледі.
«Мұнай-газ өнеркәсібін өркендету мәселесі қолға алынғанда, Атырау облысына ерекше маңыз беріледі. Бұрында да солай болған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл өңірге барынша назар аударылды. Отандық компаниялар да, шетелдік инвесторлар да дәл қазыналы аймақтағы кен орындарына инвестиция құюға ынта танытты. Неге? Өйткені Атырау облысының аумағында болашағы бар кен орындары көп. Шетелдік инвесторлар әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Теңіз» кен орнына көз тікті. Кейін Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кеніші де қызықтырды», дейді Н.Жұмағұлов.
Шартарапқа экспортталған шикізат
Сарапшылардың дерегіне қарағанда, елімізде тәулігіне шамамен 1,8 млн баррель мұнай өндіріледі. Қазақ жерінен алынған «қара алтынның» көп бөлігі шетел нарығына бірнеше бағытпен тасымалданады. Демек, елімізде әлі де мұнайды шикізат күйінде экспорттауға басымдық беріліп отыр.
Әлемдегі мұнай өндіретін кейбір елдің ұстанатын бағыты өзгешелеу. Мәселен, Норвегия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі мұнайды шикізат күйінде ғана емес, қосылған құны жоғары өнім ретінде экспорттауға басымдық беріп отыр. Өйткені мұнайды терең өңдеуден жанармай, авиаотын, мұнай-химия өнімдерін шығарудың маңызы зор. «Қара алтыннан» алынған осындай өнімдерге қосылған құн салығы жоғарыласа, оны сатудан түсетін табыстың артатыны даусыз.
«Energy Monitor» қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың мәліметінше, Қазақстаннан әлем нарығына мұнай жеткізетін бірнеше бағыт бар. Мәселен, 2024 жылы елімізден 24 елге экспортталған 71 млн тоннадан асатын шикізаттың әр тоннасы 604 доллармен есептеліпті. Экспортталған өнімнің жалпы құны шамамен 42,8 млрд долларды құраған.
Шартарапқа экспортталған көмірсутекті шикізаттың көп мөлшерін үш ел алады. Әсіресе Италияның аты озып тұр. Бұл ел бір жылда 30 млн 738 мың 599 тонна «қара алтын» алып отыр. Оның бір тоннасының құны – 597 доллар.
Қазақ жерінен Нидерландқа бағытталған 7 млн 669 мың 430 тонна өнімнің әр тоннасына 611 доллар көлеміндегі баға белгіленіпті. Ал Францияның еншісінде 5 млн 264 мың 713 тонна шикізат бар. Бірақ әр тоннаға есептелген баға – 614 доллар.
Шетелге жіберілген мұнайдың ең жоғары құны 700 доллардан асады. Мәселен, Бруней-Даруссаламға 263 мың 752 тонна «қара алтынның» бір тоннасы 701 доллармен сатылған. Ал Уругвайға 137 мың 381 тонна шикізаттық көмірсутек жіберіліпті. Оның әр тоннасы 718 долларға бағаланды.
Сан алуан елді қызықтырған қазақ мұнайының әр тоннасына белгіленген баға біркелкі емес. Ең төмен құны – 497 доллар. Экспортталған «қара алтын» құны түрліше құбылады. Мәселен, Швейцария еліне әр тонна көмірсутекті шикізат 531, Румынияға 587, Ұлыбританияға 591, Германияға 609, АҚШ-қа 618, Испания мен Үндістанға 627, Қытайға 651, Кореяға 660 доллармен жіберіліпті.
Ұлытауда төртінші зауыт салынуы мүмкін
Президент Үкіметке жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауды тапсырды. «Ең алдымен мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы жөнінде әлі де ойлану қажет. Меніңше, жобаның құнын мұқият есептеген абзал», деді Мемлекет басшысы.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің дерегіне қарағанда, 2040 жылға дейінгі тұжырымдамаға сәйкес 2040 жылға қарай мұнай өңдеу қуатын 40 млн тоннаға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланыпты. Мұнай өнімдерін өндіруді 14,52-ден 29,2 млн тоннаға дейін арттырып, сапасын қазіргі экологиялық стандартынан K4-тен K5+ деңгейіне дейін тұрақты түрде жақсарту, сыртқы нарықтарға экспорттау жоспары бар.
«2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу жоспарланды. Бұл өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттырады. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етеді. Мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», дейді министр.
Ал сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, елімізде өндірілген «қара алтын» үш мұнай өңдеу зауытында өңделеді. Бұған қоса 25 шағын зауыт тіркелгенімен, шамамен соның жартысы жұмыс істемей тұр. Мұндай шағын нысандар жанар май, не дизель емес, көбінесе мазут шығарумен шектеледі. Ал төртінші мұнай өңдеу зауытын салу үшін шамамен 4 млрд доллар көлемінде қаржы қажет.
«Төртінші зауыттың қай облыстан салынатыны жөнінде нақты шешім айтылмай келеді. Түрлі нұсқа бар. Оның ішінде Ұлытау өңірі де аталып жүр. Өйткені мұнай өңдеу зауытын көмірсутекті шикізатты тасымалдайтын құбыр маңынан салу тиімді болады. Осы тұрғыдан айтқанда, «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының маңы таңдалуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Дәл осы бағыт таңдалар болса, бұл Ұлытау өңірінің дамуына оң ықпалын тигізеді», дейді Н.Жұмағұлов.
Энергетика министрінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаевтың пікірінше, жаңа зауытты қай өңірден салуға байланысты бірнеше нұсқа қарастырылып отыр. Ол да Ұлытау облысы барын жоққа шығарған жоқ.
«Зауытты салудың бірнеше нұсқасы қарастырылып отыр. Ұлытау облысында салынуы ықтимал. Сарапшылық қауымдастық тиісті есептеулер жүргізіп жатыр. Сондықтан техникалық мән-жайы, сипаттамасы, орналасатын орны нақтыланғаннан кейін қосымша хабарланады», дейді Қ.Тұтқышбаев.
Министр орынбасарының айтуынша, төртінші зауыттың қандай қаржыға бой көтеретіні толық шешімін таппаған. Тіпті құрылысы қашан басталатыны да белгісіз. «Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы бар. Осыған орай бұл зауыт мұнай мен химияны дамыту тұжырымдамасына, құрылыс стратегиялық құжаттар тізбесіне енгізілді. Елімізде құрылыс қолға алынып, төртінші зауыт болады», деп мәлім етті министрдің орынбасары.
Қорыта айтқанда, мұнай-газ өнеркәсібіндегі әр жоба ел экономикасына, өңірлердің өркендеуіне серпін беретін драйверге айналуға тиіс. Өйткені 1991 жылдан бері еліміздегі кен орындарын игеру мәселесі шетел инвесторларының қызығушылығын оятты. Содан бері өндірілген «қара алтын» селі де, экспорт көлемі де бірнеше миллион тоннаға артты. Бұл мұнай-газ өнеркәсібінің әлеумет арқа сүйейтін, бюджетке мол табыс түсіретін жетекші сектор ретінде қанат жаюына ықпал етті.
Атырау облысы