Ішкі істер министрлігі «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстың салдарына және тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, оқиғадан кейін өңірдегі ауа сапасына жедел өлшеулер жүргізілген, алайда зерттеу нәтижелері әлі толық өңделіп жатыр. Бұл туралы ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Санжар Әділовтің айтуынша, әрбір талдау белгілі бір зертханалық рәсімдерден өтеді.
«Бүгін нәтижелер дайын болады деп күтемін. Егер сынамаларда шекті рұқсат етілген концентрациядан асу фактілері анықталса, төтенше жағдай салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі есептеледі», деді ол.
Өскемендегі жарылыс: Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алды
Сонымен қатар ол тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретінде екенін атап өтті.
Депутат Бақытжан Базарбектің мәлімдемесінен кейін кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеріс жүргізілуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берген Әділов мұндай шаралар Кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын айтты.
«Егер депутаттардан ластану фактілерін растайтын ресми өтініш келіп түссе, аумақтық бөлімшелер тексеру жүргізеді. Қазіргі деректерге сәйкес, «Қазгидромет» өлшеулерінде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асуы тіркелген жоқ», деді ІІМ өкілі.
Өскемендегі жарылыс: Зардап шеккендердің қазіргі жағдайы белгілі болды
Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең Өскемен қаласындағы кәсіпорын аумағында жарылыс болып, өрт шыққан еді.
Нұрболат АМАНБЕК