Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында Шымкентте болған Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу ісіне пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вице-министрдің сөзінше, тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.
«Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша іс аяқталу сатысында. Жәбірленуші тарап ұсынған уәждер тексеріліп жатыр», деді Санжар Әділов.
Бұған дейін вице-министр бұл іс бойынша сот-психиатриялық сараптама аяқталғанын хабарлаған еді. Енді сараптама қорытындысына сәйкес, күдікті есі дұрыс деп танылып, толық көлемде сот алдында жауап береді.
«Ол заң алдында есі дұрыс тұлға ретінде жауап береді. Қазіргі таңда тергеу аяқталу сатысында», деп атап өтті ол.
Жазадан құтыла алмайды: Нұрай Серікбайды өлтірген күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп танылды
Еске салайық, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтарда болған. Бақылау камераларындағы жазбаларда ер адамның Нұрайды қуып жетіп, оған пышақ жарақатын салғаны және оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. Екі күннен кейін 28 жастағы күдікті Шымкент маңында ұсталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске назар аударып, құқық қорғау органдарының әрекетін тексеруді тапсырған болатын.
Нұрболат АМАНБЕК