• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 18:25

Виталий Колточник: Жаңа Конституция – мемлекеттің басқару жүйесін жаңартатын шешуші қадам

10 рет
көрсетілді

Жаңа Конституция жобасы құқықтық нормаларды түзетумен шектелмейді. Бұл – елдің басқару философиясын, қоғамдық келісім мен жауапкершілік тетіктерін қайта құратын іргелі құжат. Саяси сарапшы, Халықтық дипломатия орталығының вице-президенті Виталий Колточник Конституциялық реформаның мәні, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолдары, сондай-ақ ұлттық мүдде мен халықаралық бедел мәселелері туралы кеңінен ой бөлісті.

– Виталий Сергеевич, қаңтардың соңындағы басты жаңалық – жаңа Конституция жобасының таныстырылымы. Сіз үшін бұл құжаттағы ең маңызды өзгерістер қандай?

– Мен мұны мемлекеттің жаңа «операциялық жүйесі» деп атар едім. Егер заңдар күнделікті қолданылатын құралдар болса, Конституция – бүкіл жүйенің қалай жұмыс істейтінін айқындайтын өзек. Шешімді кім қабылдайды, құқық қалай қорғалады, билікті теріс пайдалануға тосқауыл қай жерде, қандай құндылықтар басты бағдар ретінде алынады – мұның бәрі Конституцияда бекітіледі.

Осы тұрғыдан алғанда бірнеше іргелі жаңалық бар.

Біріншіден, құндылықтық бағдар айқындалып отыр. Кіріспе мен алғашқы баптар «Әділетті Қазақстан» идеясын, «Заң мен тәртіп» қағидатын және Ұлы Дала тарихи сабақтастығын мемлекеттің идеологиялық тірегі ретінде бекітеді. Қазақстан тарихы кеңестік кезеңмен шектелмейтіні, тамыры тереңде жатқаны, ал елдің өзі аймақтық өркениеттік рөл атқаратын орта держава екені нақты көрсетіледі.

Екіншіден, тұрақтылықтың мызғымас негіздері айқындалды. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық пен басқару нысаны өзгермейтін қағидаттар ретінде бекітіледі. Қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайда бұл аса маңызды.

Үшіншіден, Парламент реформасы. Бір палаталы Парламент – Құрылтай заң шығару билігінің бірден-бір жоғары өкілді органы ретінде ұсынылып отыр. 145 депутат біртұтас ұлттық округ бойынша сайланады. Бұл атауды ауыстыру емес, жауапкершілікті нақтылайтын, шешім қабылдауды жеделдететін түбегейлі өзгеріс. Қоғам үшін де бәрі анық болады: заңды кім қабылдады, сапасына кім жауап береді.

– Құрылтай институтының мәні неде деп ойлайсыз?

– Құрылтай – халыққа жақын ұғым. Ол тарихи тұрғыдан да, сана деңгейінде де тағдырлы шешімдерді көп болып талқылау дәстүрімен сабақтас. Осы арқылы заманауи парламентаризм мен ұлттық тарихи тәжірибе ұштасып, биліктің заңдылығы мен қоғам алдындағы беделі күшейеді.

– Жобада Вице-президент лауазымын енгізу де ұсынылып отыр. Мұның қажеттілігі қандай?

– Бұл – басқару жүйесін тұрақтандыратын тетік. Вице-президент билік иерархиясын нақтылап, Президенттің күнделікті басқару жүктемесін азайтады. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы үйлесімді қамтамасыз етеді. Оның халықаралық келіссөздерге қатысуы, Құрылтаймен өзара іс-қимылы, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салалардағы жұмысы жүйені болжамды әрі орнықты етеді. Бұл Президенттік модельді сақтай отырып, артық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

– Құқықтар мен бостандықтарды қорғау тұрғысынан жаңа Конституция қандай мүмкіндіктер береді?

– Мұнда декларациядан гөрі нақты тетіктер маңызды. Жаңа Конституция құқықтарды жай жариялап қана қоймай, оларды қорғаудың ішкі механизмдерін енгізеді.

Ең алдымен, цифрлы дәуірдегі құқықтар. Жеке деректерді қорғау конституциялық деңгейге көтеріліп отыр. Бұрын құпиялылық дегенде үй мен хат-хабар айтылса, қазір дерек пен цифрлық болмыс алдыңғы орынға шықты. Бұл – өте өзекті норма.

Екіншіден, процедуралық кепілдіктер нақтыланады. Құқықты шектеу тәртібі айқынырақ жазылады, бұл еркін бұрмалауға жол бермейді.

Үшіншіден, саяси себеппен шектеуге қарсы «қызыл сызықтар» күшейтіледі. Қандай құқықтар еш жағдайда шектелмейтіні нақты көрсетіледі. Бұл қоғам үшін де, құқық қолдану үшін де анықтық береді.

Төртіншіден, Қазақстанның Халық Кеңесі. Бұл – еститін мемлекеттің конституциялық негізі. Қоғамдық диалог міндетке айналады. Халық Кеңесі заң жобаларын ұсыну, референдум бастамалау құқығына ие болады. Яғни азаматтық сұраныс заңға дейін жететін нақты жол қалыптасады.

– Президенттің Конституцияны өзгерту жөніндегі шешімін қаншалықты дер кезінде қабылданған деп санайсыз?

– Өте дер кезінде. Әлем қазір жаһандық басқару дағдарысына кірді. Халықаралық құқық әлсіреп, сенім азайды, күш қолдану қалыпты құралға айналып барады. Мұндай жағдайда орта державалар өз субъектілігін сақтау үшін ішкі басқаруды күшейтуі тиіс.

Қазақстан геосаяси тоғыста орналасқан. Осалдық та бар, мүмкіндік те бар. Дұрыс басқару болса, бұл бәсекелік артықшылыққа айналады. Конституциялық реформа – елдің басқару жүйесін осы жаңа әлемге бейімдеу талпынысы.

– Жуырда банк секторына қатысты дау қоғамда қызу талқыланды. Президенттің қаржылық ашықтық пен халықаралық беделді қорғауға бағытталған ұстанымын қалай бағалайсыз?

– Бұл өте маңызды ұстаным. Ашық экономика үшін санкциялық тәуекелдер банктерге емес, қарапайым азаматтарға соққы болып тиеді. Сондықтан ұлттық мүдде мен халықаралық беделді бірінші орынға қою – экономикалық қауіпсіздікті қорғау.

Президенттің қатаң ұстанымы нарыққа қарсы емес, нарықты жүйелік қатерден сақтауға бағытталған. Қаржылық мониторинг, комплаенс тетіктерінің күшеюі – соның дәлелі.

– Қазақстанда қаржылық олигополия бар деуге бола ма?

– Банктік нарықта шоғырлану бар екені рас. Бұл дамушы елдерге тән құбылыс. Бірақ мемлекет бақылаудан бас тартқан жоқ, керісінше бақылауды күшейтіп отыр. Дегенмен ескі тәсілді сақтағысы келетін күштердің бар екені де жасырын емес.

– Осы тұрғыда жаңа Конституцияның маңызы неде?

– Жаңа Конституция – деолигархизация жолындағы шешуші қадам. Ол ескі Қазақстаннан Әділетті Қазақстанға өтудің құқықтық негізін қалайды. Қаржы жүйесі рента үшін емес, дамуға қызмет етуі тиіс. Бұл – қаңтардан кейін жарияланған жаңа қоғамдық келісімнің өзегі.

Қорыта айтқанда, ұсынылып отырған Конституция – тек құқықтық құжат емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи таңдау.

Соңғы жаңалықтар