Алматыда түнгі уақытта ойын клубында кәмелетке толмаған жасөспірімнің жүргені анықталып, клубтың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Рейд барысында полиция қызметкерлері көңіл көтеру мекемесінің ішінде ата-анасыз жүрген жасөспірімді тапқан. Заң бойынша түнгі уақытта кәмелетке толмаған балалар ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бақылауында болуы тиіс.
Тексеру қорытындысы бойынша клуб иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Уәкілетті орган мекеме жұмысын үш айға тоқтату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар клуб 129 750 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Жетісу аудандық полиция басқармасының басшысы Ілияс Өмірсеріков мұндай жағдайларға жол беруге болмайтынын айтты. Оның сөзінше, ойын-сауық орындарының иелері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Полиция алдағы уақытта да мұндай рейдтер тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. Бұған дейін Алматы полициясы Ганди саябағында отшашу атқандарды іздеп жатқанын жазған болатынбыз. Куәгерлердің айтуынша, пиротехника салынған қорап аударылып қалып, снарядтар жан-жаққа, соның ішінде адамдарға қарай ұшқан.