Ольга Перепечинаның сөзінше, Жаңа Конституция жобасы – маңызды әрі жауапты жұмыстың жемісі және қоғамның заманауи қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік құрылымды жаңартуға бағытталған.
«Жаңа Конституция биліктің тұрақты әрі түсінікті үлгісін қалыптастырып, өкілетті институттардың рөлін нығайтады және мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара қатынастың нақты ережелерін белгілейді. Барлық өзгерістердің басты мақсаты – адам, оның құқықтары, қадір-қасиеті мен болашаққа деген сенімін қорғау», деді Сенат Төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол Парламент рөлін Құрылтай институты арқылы қайта қарау негізгі шешімдердің бірі екенін атап өтті.
Мәселен, Құрылтай екі палатаның ізбасары және жоғары өкілді органның жаңа атауы. Бұл оның мемлекеттік билік жүйесіндегі ерекше маңызын, тарихи дәстүрмен байланысын және халық алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.
«Мәселе институттың символдық және саяси мәртебесін күшейте отырып, оның парламенттік табиғатын сақтау туралы болып отыр», деді Ольга Перепечина.
Конституция жобасында Құрылтайдың ішкі ұйымдастырылуына, оның ішінде комитеттері мен комиссияларының қызметіне де ерекше назар аударылды. Сенат Төрағасы орынбасарының пікірінше, олардың жұмыс істеу негіздерін Конституциялық деңгейге шығару парламенттік жүйені нығайтуға маңызды қадам болады.
«Комитеттер мен комиссиялар заңдарды дайындау мен пысықтауда, сараптамалық қорытындылар мен парламенттік бақылауды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олардың мәртебесі, өкілеттіктері мен жұмыс қағидаттарын нақты Конституциялық деңгейде реттеу заңнамалық процестің сапасын арттырып, оны барынша ашық және болжамды етеді», деді Ольга Перепечина.
Әділ еңбек, қауіпсіз жұмыс, лайықты жалақы: Максим Рожин жаңа Конституцияның маңызды тұсын атады
Ол тұрақты комитеттердің салалық қағидат бойынша құрылатынын және өз саласына сәйкес мамандандырылған талқылауларды жинақтайтынын еске салды. Осы механизм шеңберінде қабылданған барлық заң жобалары жан-жақты талқыланады. Комиссиялар белгілі бір мәселелер бойынша шоғырландырылған шешім қабылдауға мүмкіндік беретін құрал қызметін атқарады.
«Жаңа Конституция жобасы өкілетті билікті күшейтуге, азаматтардың сенімін арттыруға және жетілдірілген парламенттік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Біздің азаматтарымыздың жобаға деген белсенді қызығушылығын ескере отырып, Конституцияны қабылдау мәселесін бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысына қолдау білдіргім келеді», деді Ольга Перепечина.
Сенат Төрағасы орынбасарының айтуынша, бұл рәсім халықтық егемендік қағидатына сәйкес келеді және қабылданатын шешімнің ерекше маңыздылығын көрсетеді.
«Аталмыш жобаны қолдай отырып, біз оны жүзеге асыруға және еліміздің парламенттік жүйесін одан әрі дамытуға жауапкершілік алуға дайын екендігімізді дәлелдейміз», деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бүгін, 7 ақпанда Қазақстанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр. Отырыс барысында Жаңа Конституцияның жобасына теңгені ұлттық валюта ретінде бекітетін норма енгізілгені айтылды. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда Конституциялық деңгейде волонтерлікті ынталандыруды бекіту қажет деген бастама көтерді.