Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «OrdaMed» АҚ-на медициналық құрал-жабдықтардың жалған өндірісімен айналысты деген айып таққан болатын. Аталған мәлімдемеге жауап ретінде «OrdaMed» АҚ-ның негізін қалаушы әрі басшысы Еркін Ділімбетов ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, мәселе тауардың сапасында емес, бұрынғы жылдардағы құжаттарды рәсімдеу мен локализациялау үдерістеріне қатысты құқықтық түсіндірмелерде болып отырғанын жеткізді.
«Біз жеткізетін барлық жабдық – нақты, зауытта өндірілген, пайдалануға берілген және ел бойынша медициналық қызметкерлер күнделікті қолданып жүрген техника. Мұндай сотқа дейінгі айыптаулар компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді, алайда «OrdaMed» АҚ штаттық режимде жұмысын жалғастырып, дәрігерлер, пациенттер, серіктестер мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін атқарып келеді», дейді компания басшысы түсініктемесінде.
Еркін Ділімбетов компания сотқа дейінгі тергеу материалдарына ие еместігін және оларды жарияламайтынын, тек іскерлік беделін қорғау аясындағы өз ұстанымын білдіретінін атап өткен.
Сондай-ақ ресми мәлімдемеде «OrdaMed» компаниясының нарықта 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқаны, еліміздегі мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар мен клиникаларда күн сайын пайдаланылатын мыңдаған медициналық жабдықты жеткізіп, қызмет көрсеткені айтылған.
«Компания өндіріс пен сервистік желіні белсенді түрде кеңейтіп, саланы дамытуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға инвестиция салып келеді.Тергеу бірнеше жылдан бері жалғасып жатқанына қарамастан, ҰҚК тарапынан жария айыптаулар тек қазір ғана пайда болды. Бұл тергеу OrdaMed бәсекелестерінің шағымдарына негізделген және оның түпкі нәтижесінде нақты заңбұзушылықтар емес, инновация енгізіп, ашық жұмыс істейтін ірі нарық ойыншысының дамуын тежеу әрекеті жатқандай әсер қалдырады», делінген ресми түсініктемеде.
Фармацевтика саласындағы былық: Жалған құжатпен медициналық жабдықтар жеткізген компания анықталды