Конституцияға енгізілетін өзгерістер Қазақстан қоғамының болашаққа бағдарланған әділ әрі мықты мемлекет құруға деген сұранысын айқын көрсетеді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева осындай пікір білдіріп, ұсынылып отырған түзетулердің жастар үшін стратегиялық маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, қарастырылып жатқан конституциялық бастамалар өзара логикалық тұрғыдан үйлесіп, дүниетанымдық негіздерден бастап цифрлық дәуірдегі жеке тұлғаны қорғауға дейінгі кепілдіктердің тұтас жүйесін қалыптастырады. Әсіресе білім берудің зайырлы сипатын нақты бекіту және дінді мемлекеттен бөлу қағидаттарын Ата заң деңгейінде айқындау уақыт талабынан туындап отыр.
Гүлзира Атабаева білім берудің зайырлы сипатын бекіту жастар үшін тек идеологиялық емес, нақты практикалық мәні бар екенін атап өтті.
«Жастар үшін бұл абстрактілі емес, практикалық мәселе. Мектеп – бұл тең мүмкіндіктер мен дәстүрлерді құрметтеу кеңістігі. Конституциядағы тікелей норма тәрбие мен білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады», деді ол.
Айдарбек Қожаназаров: Конституциялық реформа – жас ұрпаққа бағыт, экономикаға серпін
Сондай-ақ дінді мемлекеттен бөлу қағидатын конституциялық деңгейде нақтылау қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет етеді. Оның пікірінше, бұл әртүрлі көзқарас пен наным-сенімге ие жастар үшін мемлекеттің бейтарап әрі бәріне тең қатынас ұстанатынының кепілі.
«Бұл жастар үшін түрлі көзқарас пен наным-сенімге қарамастан, мемлекеттің бәріне бейтарап және тең болып қалуының кепілі. Осындай сезімтал саладағы конституциялық норманың айқындылығы қоғамдық келісім мен билік институттарына деген сенімді нығайтады», деді ол.
Айдос Сарым: Жаңа Парламенттің өкілеті кеңейеді
«Келешек» жастар кеңесінің басшысы шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы және зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған бастамаларды да толық қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі жастар идеялар, цифрлық контент пен инновациялар ортасында өмір сүріп жатыр, ал зияткерлік еңбекті сенімді қорғамайынша ғылымды, мәдениетті және шығармашылық экономиканы дамыту мүмкін емес.
«Қазіргі жастар идеялар, контент және инновациялар ортасында өмір сүреді. Зияткерлік еңбекті нақты қорғаусыз ғылымды, мәдениетті және шығармашылық экономиканы дамыту мүмкін емес. Бұл қағидаттарды конституциялық бекіту – елдің зияткерлік әлеуетіне инвестиция», деді спикер.
Қорытындылай келе, Гүлзира Атабаева Конституцияға заманауи ұғымдарды енгізу цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде Қазақстанның орнықты әрі табысты дамуына жол ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның айқын ережелерге, болашаққа сеніммен қарайтын күшті және әділ мемлекетке деген сұранысын толық әрі дәл бейнелейді.
Исидор Борчашвили: Конституциялық реформа – құқықтық бірлік пен адамға бағдарланған таңдау