Танымал әзілкеш Нұрлан Сабуров Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаннан кейін алғаш рет Дубайдағы концертінде мәлімдеме жасады. Өнер иесі Ресейде ресми құжаттар рәсімдемек болғанын, бірақ орыс тілінен емтиханнан өте алмағанын айтып әзілдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дубайдағы опера театрында өткен кеште Сабуров құжат мәселесін негізінен салықтық жеңілдіктер үшін шешпек болғанын түсіндірді.
«Ресейдің көші-қон саясатын қолдаймын. Құжаттар алу үшін орыс тілінен тест тапсыру керек болды. Әйелім екеуміз бір партада отырдық. Сұрақтар қиын екен, мәселен, «Русьтің шоқынуы қашан болды?» деген сияқты. Қорытындысында әйелім өтті, мен өтпедім», деп әзілдеді ол.
Сабуровтың Ресейге кіруіне тыйым салынуына оның әскери іс-қимылдарға қатысты ұстанымы мен көші-қон заңнамасын бұзуы себеп болуы мүмкін деген болжамдар бар.
Әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды
Сәуір айында комиктің Қытайдағы концерттері өтпей қалса, Молдова билігі Сабуровтың ел аумағында өнер көрсетуін «орынсыз» деп тапты.
Бұған дейін танымал әзілкешке Степногорск әкімі болу туралы ұсыныс түскенін жазған едік.
Еске сала кетейік, Ішкі істер органдары Сабуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын, бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.