Конституциялық комиссияның екінші отырысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева қазіргі Конституцияның «Жалпы ережелер» атты бірінші бөлімінің атауын «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліс депутаты «Конституциялық құрылыс негіздері» атауының жалпыға бірдей танылған құқықтық категория екенін атап өтті.
Конституциялық реформа: Ата заңның қай баптары қайта қаралады?
Оның айтуынша, «Конституциялық құрылыс негіздері» ұғымы мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі қағидаттар мен базалық ережелердің жиынтығын білдіреді. Ал «Жалпы ережелер» атауы бейтарап әрі сипаттамалық сипатқа ие болып, конституциялық-құқықтық тұрғыдан алғанда осы бөлімде қамтылған нормалардың иерархиялық маңызын толық ашпайды.
Оның пікірінше, бөлім атауын өзгерту онда бекітілген қағидаттардың нормативтік мәртебесін күшейтіп, оларды конституциялық бақылау жүргізу барысында және құқықтық түсіндіру кезінде неғұрлым нақты әрі бірізді қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл нормалардың тек декларативті сипатта қабылдану қаупін азайтады.
Конституциялық реформа: «Құрылтай» мен «Халық кеңесінің» өкілеттігі талқыланды
«Бұл құқықтық коллизияларды шешуде айрықша маңызға ие. Себебі конституциялық құрылыс негіздерін айқындайтын нормалар Конституцияның өзге ережелері мен қолданыстағы заңнамаға қатысты басымдыққа ие болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық логика мен айқындық қағидаттарына сәйкес «Конституциялық құрылыс негіздері» атауын қолдану орынды», деді Снежанна Имашева.