Мәжіліс бірінші оқылымда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады. Құжаттар Қазақстан заңнамасын «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасының нормаларына сәйкестендіруге және осы саладағы мемлекеттік реттеу тетіктерін күшейтуге бағытталған. Мұнда негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобасында радиоактивті қалдықтарды басқарудың құқықтық негіздері, мемлекеттік бақылау мен лицензиялау тәртібі, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды есепке алу және көму мәселелері айқындалып отыр.
Заң жобасында радиоактивті қалдықтарды сыныптау белгіленеді. Олардың шығу көзі, агрегаттық жай-күйі, белсенділік деңгейі, радионуклидтердің жартылай ыдырау кезеңі оларды сыныптауға негіз болды. Бұған қоса радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметті жүзеге асыру шарттары мен тәртібі регламенттелді.
Қазақстан мен Қытай радиоактивті қалдықтарды өткізбеуге қатысты заңды қабылдады
Сонымен қатар заң жобасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институтын құру қарастырылған. Ол радиоактивті қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу сияқты негізгі функцияларды атқарады. Халықаралық тәжірибе мұндай операторлардың саланы қауіпсіз әрі орталықтандырылған түрде басқаруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.
Сондай-ақ депутаттар негізгі анықтамаларды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді, «радиоактивті қалдықтар» ұғымы оған жабдықтарды, материалдарды, сондай-ақ тау-кен өндірісі қызметінің қалдықтарын қоса отырып кеңейтілді, радиоактивті қалдықтар тізілімін және жұмыс істеу объектілерінің кадастрын жүргізу тәртібі енгізіледі, бастапқы есепке алу міндеті бекітіледі, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды түзушілердің жауапкершілігі нақтыланды.