Елімізде баға өсімі әлі де жоғары болғандықтан, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Ол жылдық 18% деңгейінде сақталып отыр. Бұл шешім инфляцияны тежеу үшін ақша-кредит саясатын қатаң ұстау қажет деген ұстанымға негізделген, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық Банк мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында инфляция 12,3% болды. Яғни тауарлар мен қызметтер орта есеппен осы шамада қымбаттаған. Бағаның өсуіне ең алдымен азық-түлік әсер еткен. Ет пен майдың қымбаттауы өндіріс шығындарының артуымен және экспорт көлемінің көбеюімен байланысты.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер кестесін бекітті
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы соңғы айларда біршама баяулады. Бұған теңгенің нығаюы ықпал еткен. Коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша ұстап тұру да қызмет бағасының күрт өсуіне жол бермеді.
Дегенмен, жыл соңында жағдай қайта өзгерді. 2025 жылғы желтоқсанда баға бір айдың ішінде 0,9%-ға өсті. Бұл халықтың сұранысы әлі де жоғары екенін көрсетеді. Яғни адамдар көп сатып алып жатыр, ал ұсыныс оған ілесе алмай отыр.
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасын қабылдады
Ал сарапшылар 2026 жылы инфляция 10,8% деңгейінде сақталуы мүмкін деп болжап отыр.
Сыртқы жағдай да әсер етпей тұрған жоқ. Әлемде азық-түлік бағасы аздап төмендегенімен, әлі де қымбат. Геосаяси шиеленістер күшейіп, нарықтағы тұрақсыздық сақталуда. Мұның бәрі бағаның тез төмендеуіне кедергі келтіреді.
Ұлттық банк алаяқтардың жаңа әрекеттері туралы ескертті
Сонымен қатар Қазақстан экономикасы 2025 жылы 6,5%-ға өсті. Құрылыс, көлік, сауда және өнеркәсіп салалары жақсы дамып жатыр. Бірақ экономиканың өсуі де инфляцияны күшейтуі мүмкін, себебі ақша айналымы артады.
Ұлттық Банктің мәліметінше, бағаны өсіретін негізгі қауіптер – жанар-жағармай бағасы, тарифтердің қайта көтерілуі, бюджет шығыстары және алдағы салық реформасы. Сондықтан қазір мөлшерлемені төмендету ерте деп есептеліп отыр.
Ұлттық банк білім гранттарына өтінім қабылдауды бастады
Осы себептерге байланысты базалық мөлшерлеме 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін 18% деңгейінде сақталуы мүмкін. Ал келесі ресми шешім 2026 жылғы 6 наурызда жарияланады.
Қысқасы, Ұлттық Банк үшін басты мақсат – бағаны бақылауда ұстау. Сол үшін несие қымбат болып қала береді, ал бұл шешім инфляцияны біртіндеп төмендетуге бағытталған.