Қытайдың Юньнань провинциясындағы шалғай ауылда тұратын Ван Фуман есімді оқушы «қорытынды емтиханға қалайда үлгеремін» деп аязды күні 5 шақырым жолды жаяу жүріп өткен. Мектепке келгенде оның шашы мен қасы мұз болып қатып, ал беті суықтан қып-қызыл болып кетіпті. Мұғалімі оның осы сәтін суретке түсіріп, желіге жүктеп жібереді. Айтпақшы, қайсар оқушы сол емтиханда 100 балдың 99-ын жинаған.
Келесі күні әлгі сурет әлеуметтік желіде жаппай таралып, көп ұзамай шетелдік БАҚ-тың да назарын аударды. Қысқа уақытта-ақ Ван Фуман «мұз бала» атанып, оның бір сәттік бейнесі табандылық пен білімге деген шынайы ұмтылыстың рәмізіне айналды. Көпшілік оның аязды күні мектепке жеткеніне ғана емес, емтиханды жоғары нәтижемен тапсырғанына да тәнті болды. Әлеуметтік желі қолданушылары оқушының ахуалына бейжай қарамай, қаржылай көмек жинай бастады. Нәтижесінде, баланың мектебіне қолдау көрсетіліп, осындай қиын жағдайда оқып жүрген басқа балаларға көмек беру мәселесі көтерілді. Ван Фуманның тағдыры арқылы ауылдағы білім беру, тең мүмкіндік жайы кеңінен талқылана бастады.
Осы оқиға Римдегі «Тікен алып отырған бала» мүсінін еріксіз еске салады. Ол мүсін жолындағы қаулаған тікенекке қарамастан мәреге бірінші болып жеткен кішкентай желаяққа арналған. Балақай табанындағы қан қақсатқан жарақатқа қыңқ етпеген. Оның ерік-жігеріне тәнті болғандар қайсарлық пен төзімділігін құрметтеп, осындай ескерткіш орнатыпты.