Б.Момышұлы 1928 жылдан 1982 жыл аралығында өз басынан өткен әрбір қилы сәтті қағазға түсіріп, қолжазбаларын мұқият сақтаған. Сөйтіп, ол жазғандарын (араб, латын, кирилл әрпіндегі) майданға барған жазушыларға беріп, 1943 жылы елге демалысқа келгенде де шетінен архивке өткізіп отырған. 1961 жылы Мекемтас Мырзахметұлы батырдың 3000-нан аса құжатын жүйелетіп (біраз құжаттарын үй архивінде қалдырып), Алматыдағы Орталық архивке өз қолымен өткізген.
Мына «Мен жазған хаттар» деген бір беттік жазба – әлі еш жерде жарияланбаған соны құжат. Бауыржан атамыз Орталық архивке құжаттарын өткізер алдында 1942–1943 жылдары Қазақстандағы өкімет басында түрлі қызметтерде отырған Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, М.Әбдіхалықов және Қазақстан жазушыларына арнап жазған хаттарын бір бөлек топтап, архивке өткізерде жазғанын аңғаруға болады.
Бауыржан атамыз сонау сұрапыл жылдардың өзінде қолынан қаруын, қаламын тастамай, үлкен мәселелер көтеріп, оны өкімет басшылары мен белгілі ақын-жазушыларға арнап хат ретінде жолдаған екен. Сол хаттарының толық мәтіні Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай «Өнер» баспасынан М.Мырзахметұлының басқаруымен «Бауыржан Момышұлы ХХI ғасыр көгінде» атты ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған 30 томдық шығармалар жинағына енді.
Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері