• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға 14 Қаңтар, 2026

«Әр қадамын аңдыған». Шымкенттегі жас қыздың өліміне қатысты тың деректер мәлім болды

40 рет
көрсетілді

11 қаңтар күні Шымкент қаласында 21 жастағы қыз кісі қолынан қаза тапты. Оның мәйіті Шымкент қаласы Төлеметов көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің бірінің алдынан табылған. Марқұмның ағасы Серікбай Сұлтан threads желісіндегі парақшасында мән-жайды жазса, құрбысы күдікті бұған дейін Нұрайды алып қашқанын, қыз бен отбасының қарсылығынан кейін оны жібергенін айтты. Құрбысының айтуынша, марқұм қыз алып қашу әрекетінен кейін полицияға арызданған, деп жазады Egemen.kz.

Шымкент қалалық полиция департаменті Нұрайға бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен күдіктіні қолға түсірді. Полиция мәліметінше, күдіктінің аты-жөні – Аймахан Шерхан. 

Серікбай Сұлтан күдікті қарындасының жуастығын пайдаланып, әбден басынғанын, «жоқ» деген сөзін елемей, сталкинг жасағаны туралы жазды. 

«Шынымызды айтсақ қан жылап отырмыз. Біз әр жаңалықты оқып отырамыз, қолдау көрсетіп жатқан жандарға рахметімізді айтамыз. Қазір біздің қолдан тек оған («адамға» деген сөзді айтуға қимай отырмын) максималды мерзім беруді сұрау ғана келеді. Қысқаша айтқанда менің қарындасым ең ақылды, сабырлы, тұйық, жуас қыз болғандықтан барынша басынған. «Жоқ» деген сөзді түсінбеген. Сталкер болған», деп жазды марқұмның ағасы. 

Енді Нұрайдың отбасы қолдау сұрап отыр. 

«Бұл оқиғаны бүкіл жерге таратып, бізді қолдауларыңызды сұранамыз (әділ шешім шығаруға). Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды өйткені кейін арғы жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. «Сот процесі» әділ өтеді деген сенім бар. Бәрімізге сабыр мен жүрек тыныштығын берсін», деді Серікбай Сұлтан. 

Қайғылы оқиғаға қатысты Нұрайдың Айым есімді құрбысы да үнсіз қалмады. Құрбысының айтуынша, Аймахан Шерхан марқұмға «Мені темір торға отырғыза алмайсың» деп сес көрсеткен.

Айым threads желісіндегі парақшасында марқұм мен күдікті тойда танысқанын, сол уақыттан кейін Аймахан Шерхан құрбысының соңынан қалмай, ақырында қыз бен отбасының айқын қарсылығына қарамастан Алматыдан Шымкентке алып қашқанын жеткізді.

«Қызды қылмыскердің үйінен туыстары алып кеткенімен, осы оқиғадан кейін Нұрайдың өмірі тозаққа айналды. Аймахан Шерхан ұзақ уақыт бойы сталкингпен айналысқан. Нұрай оны бұғаттаған кезде, оның құрбыларына жазған. Құрбыларын қайта-қайта мазалап хабарласып, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Нұрайдың әр қадамын аңдыған. Нұрай бұл әрекеттің барлығын скриншоттап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арыз жазған кезде оның арызы тиісті түрде қарастырылмаған», деп жазды Айым.

Ол бұл қанды оқиғаны бір адамның емес, қоғамның трагедиясы деп бағалап, құзырлы органдардан әділдік талап етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар