• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Қаңтар, 2026

Президент АҚШ-пен келіссөз жүргізетін арнайы өкілді тағайындады

50 рет
көрсетілді

Ержан Қазыхан Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздерді басқаратын ресми өкіл болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекет басшысының өкімімен Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ержан Хозеұлы Қазыханға Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президенті Өкілінің міндеттері жүктелді», делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ержан Қазыхан 1964 жылғы 21 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты.

Дипломатиялық қызметін 1989 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Протоколдық-саяси бөлімінде екінші хатшы қызметінен бастап, кейін бірінші хатшы болып жұмыс істеген.

1992 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол басқармасы бастығының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып тағайындалды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне (Нью-Йорк қаласы) бірінші хатшы ретінде жіберіліп, кейін кеңесші лауазымына дейін көтерілді.

1999-2003 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарды.

2003-2007 жылдары Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, сондай-ақ қоса атқару негізінде Куба Республикасындағы Қазақстан елшісі болды.

2007-2008 жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

2009-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Австриядағы елшісі әрі Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болды.

2011 жылы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болды.

2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарды.

2014-2017 жылдары Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының елшісі, сондай-ақ қоса атқару негізінде Ирландия Республикасы мен Исландия Республикасындағы елші болды.

2017-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы елшісі қызметін атқарды.

2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болды.

2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарды.

2023 жылғы қыркүйектен бастап Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі болып тағайындалғанға дейін Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған.

Айта кетейік, Ержан Қазыханның Төтенше және Өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар.

Соңғы жаңалықтар