• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 09 Қаңтар, 2026

Полиция мемлекеттік нөмірін жасырған көлік жүргізушілерімен күресті бастады

20 рет
көрсетілді

Елімізде жалған, жасырылған немесе мүлде орнатылмаған мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен жүрген көліктерге қарсы кешенді шара басталды. Бұл бағыттағы жұмыс Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ел аумағында жүргізіліп жатыр. Тексеру шаралары негізгі республикалық тас жолдарды және елордаға кіреберіс бағыттарды қамтыды, деп жазады Egemen.kz.

Ресми дерекке сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері соңғы уақытта айтарлықтай артқан. 2025 жылы ғана нөмірсіз, жалған немесе әдейі жабылған мемлекеттік нөмірмен жүрген жүк көліктеріне қатысты 47 мың заңбұзушылық тіркелген. Көп жағдайда көлікті басқарған жүргізушілерді анықтау мүмкін болмаған.

Осыған байланысты жолдарда автопатруль саны көбейтілді. Бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен бірлескен мобильді топтар құрылды. Рейдтерге жол полициясы, көлік прокуратурасы, көлік бақылау инспекциясы және ҚазАвтоЖол мекемесінің өкілдері қатысып жатыр. Тексеру нәтижелері күн сайын Ішкі істер министрлігіне жолданады.

Құзырлы органдардың мәліметінше, заңбұзушылыққа барған жүргізушілердің негізгі мақсаты жылдамдықты асыру деректерін жасыру. Кейбірі мемлекеттік нөмірді жабуға немесе түсіруге арналған арнайы құралдар қолданған. Алайда мұндай әрекеттер де бейнебақылау жүйелері арқылы тіркелетіні ескертілді.

Көлік бақылау органдары жүргізіліп жатқан шараның мазмұнын түсіндірді. 

«Қазіргі таңда жол полициясымен, прокуратурамен және ҚазАвтоЖол ұйымымен бірлесіп рейдтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Негізгі назар жалған және оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлерін анықтауға аударылған. Жол полициясы өз бағыты бойынша жұмыс істейді. Ал көлік бақылау қызметі салмақ параметрлерін, рұқсат құжаттарын және техникалық талаптардың сақталуын тексереді. Бұл шара 8 қаңтардан 10 қаңтарға дейін жалғасады», дейді ведомство.

Ішкі істер органдары нөмірді жасыру немесе қолдан жасау ауыр құқықтық салдарға әкелетінін атап өтті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер үшін жүргізуші куәлігінен айыру немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы көзделген.

Полиция өкілдері жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Мемлекеттік тіркеу нөмірін заңсыз өзгерту немесе жасыру жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретіні айтылды.

Ішкі істер министрлігі бақылау шаралары тек елорда маңында емес, республика көлемінде жалғасатынын хабарлады. Құқық қорғау органдары жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар