• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қараша, 2025

Қарашадағы қара өлең

50 рет
көрсетілді

Қараша туса Қарағандының аспанында өлеңнің үні, саздың сарыны қалықтайды. Себебі дәл осы уақытта көпшілік асыға күтетін дәстүрлі «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеш өтеді.

Биылғы кеш өзгеше сипат алды. Кештің құрылымын белгілі театр актері әрі режиссері ­Дунай Еспаев жасап, қойылым­дық тұрғыда жаңа серпін әкелді.

– Арқада талантты жастар көп. Бірі – өлең жазса, бірі – әнді жүрекпен орындайды. «Қарашада өмір тұр…» кеші сол дарын иелерін табыстырып, жаңа ізденістерге жол ашады. Сахнада буын сабақтасты­ғы көрініс табады. Ертеңгі мәдениеттің жүгін арқалайтын жаңа толқын осы ортада өсіп келеді, – дейді Дунай Еспаев.

Кешті «Tattimbend» ан­сам­блі жанды музыкамен сү­йемелдеп отырды. Әуенмен өріл­ген өлең – көрерменін өзінің әдемі әлеміне баурап алды.

Поэзия кеші Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлық­тың лау­реаты, ақын Серік Ақсұңқар­ұлының «Өмір деген – күнді айналу» атты өлеңімен бас­талды. Жас ақын Ерік Нарын ерекше сезіммен оқыған бұл өлең кештің рухани бағытын айқындап, ойдың биігіне жетелегендей еді.

Одан әрі Бағдат Мүбәрак, Руслан Нұрбай, Серік Сағын­тай сынды ақындардың жырларын «Дат» театрының ак­тер­лері оқыды. Ал Ерғанат Кеңесбекұлы, Салтанат Сма­ғұлтегі, Сұлтан Дәулетхан өлеңдерімен кештің тақы­рыбын аша түскендей.

Кеште сондай-ақ, Қуа­ныш Медеубаев, Айбек Бай­төре, Жәлел Шалқар, Ер­болат Қуатбек сынды жас шайыр­лар­дың жырлары да оқылды. Әр жол, әр ырғақ – бір тағдыр, бір тыныс, бір мұң мен бір үміттің көрінісіндей. Күздің сары бояуындай нәзік те сырлы өлеңдер мен классикалық әндер көрермен жүрегін тербеді.

Айтпақшы, «Дат» театры­ның құрамындағы ең жас актер Тоқтар Кәрібай әдеби саз­ды кештегі көрермен көз­айымы болды. Өнерге деген құштарлығы ерте оянған мектеп оқушысы Ерболат Қуат­бектің өлеңін оқыды.

Кеш соңын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші-композитор Гүлнәр Дәу­кенова Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Күрең күз» әнімен түйіндеді.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар