«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы саладағы үш ғылыми бағдарламамен жұмыс істеудеміз, нақты айтқанда, олар: орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі, мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлаудың инклюзивтілігін қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық-әдіснамалық негіздері және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды үздіксіз психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу. Бұл зертхана білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз етуде мұғалімдер үшін көмекші ресурс болады және бұл инклюзивті білім беруді дамытуға елеулі үлес қосары даусыз», деп атап өтті академияның Инклюзивті білім беру орталығының директоры Светлана Исмагулова.
Виртуалды зертхана – онлайн оқыту мен бейнеконференцияларды жазуға арналған заманауи жабдық. Зертханада болашақ педагогтерді даярлау бойынша ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамы және біліктілікті арттыру курстарының тренерлері үшін педагогтердің инклюзивті практиканы іске асыруға дайындығын қамтамасыз ету бойынша оқыту курстарын өткізу жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ виртуалды зертхана қызметі шеңберінде қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру бойынша материалдар әзірлеу жоспарланды.