Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы штабының өкілдері Нұрлы жол вокзалының ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға «Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев, Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы, елордалық штабтың басшысы Төлеген Күнәділов, Нұрлы жол вокзалының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейімбет Ұлазбек қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты болды.
«Кәсіподақтар Федерациясы Парламент мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына байқаушы ретінде қатысады. Бұл сайлау науқанын объективті және әділ бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге сайлау науқаны алдында жұмыс берушілердің тарапынан ешқандай қысымның, мəжбүрлі дауыс бергізудің болмауын қадағалайды», деді Төлеген Күнәділов.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматының сайлауға қатысуы еркін және ерікті екенін айтып өтті.
«Осы қағидалар еліміздің Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында бекітілген. Егер жұмыс берушілер тарапынан сайлауға қатысып, қандай да бір партияға дауыс беруге қатысты қысым жасалса, қалалық штабтың жедел желісіне хабарласып, айтуға болаыд», деп атап өтті Күнәділов.