2026 жылғы 10 сәуірден бастап Астана қаласында «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турниріне қатысу үшін волонтёрларды ресми іріктеу басталады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы күні Волонтёрлық бағдарламаның таныстырылымы өтеді, оның аясында қатысу форматы, функционалдық бағыттар, үміткерлерге қойылатын талаптар және іріктеу шарттары таныстырылады.
Волонтёрлар турнирді ұйымдастырудың негізгі элементі болып табылады және қатысушылар мен көрермендермен жұмыс істеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау, спорттық делегацияларды сүйемелдеу, сондай-ақ іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсету сияқты негізгі операциялық бағыттарда жұмыс істейтін болады.
Волонтёрлық бағдарлама еріктілік мәдениетін дамытуға және жастардың халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру саласындағы практикалық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған. Бағдарламаны іске асыру жоғары деңгейдегі сервис, үйлестіру және коммуникацияны қамтамасыз ететін дайындалған волонтёрлар командасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Болашақ ойындары 2026» спорт, технология және цифрлық мәдениетті біріктіретін платформа болып табылады. Волонтёрлардың жобаға қатысуы Астананың заманауи әрі технологиялық қала ретіндегі имиджін нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның ірі халықаралық іс-шараларды өткізу алаңы ретіндегі танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.
Бағдарлама қатысушыларына брендтелген киім, сувенирлік өнімдер және қатысу сертификаттары ұсынылады. Волонтёрлар спорт пен заманауи технологияларды біріктіретін халықаралық турнирде жұмыс істеу бойынша практикалық тәжірибе алады.
Бағдарламаға студенттер, жастар және волонтёрлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің ірі халықаралық жобаларының біріне үлес қосуға дайын барлық азаматтар шақырылады.
Айта кетейік, іс-шара 2026 жылғы 10 сәуір күні сағат 11:00–14:00 аралығында Астана қаласындағы «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика кешенінде таныстырылым және қатысушылармен ашық кездесу форматында өтеді. Өтінімдерді қабылдаудың ресми басталу күні - 2026 жылғы 10 сәуір.