Астанада үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан Next Generation Youth Forum 2026 – жас логистер форумы өтті. Дәстүрлі шара биыл заманауи халықаралық жоғары оқу орны – Coventry University Kazakhstan алаңында ұйымдастырылып, Қазақстанның әр өңірінен және Орталық Азия елдерінен келген қатысушыларды біріктірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Форумды CILT Central Asia – Логистика және көлік саласындағы Корольдік институттың Орталық Азиядағы өкілдігі ұйымдастырды. Бұл ұйым әлем бойынша 35 мыңнан астам маманды біріктіріп, саланың дамуына халықаралық білім беру, тәжірибе алмасу және үздік тәжірибелерді енгізу арқылы үлес қосып келеді.
Іс-шараға 100-ден астам үздік студент пен сала мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасып, өзекті трендтерді талқылады. Форум аясында студенттер арасындағы байқаулар, стартап жобалар таныстырылымы және сарапшылармен панельдік сессиялар ұйымдастырылды.
Форумның ашылуында сала көшбасшылары сөз сөйлеп, логистиканың маңызы мен жас мамандарды қолдау мәселесіне тоқталды. Олардың қатарында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Президент Әкімшілігінің авиация бағытының жетекшісі Арай Бейсейнбайқызы, CILT Central Asia президенті Нұрлан Игембаев және Coventry University академиялық директоры Саймон Этертон бар.
Форумның маңызды бөлігі – панельдік сессия болды. Онда қатысушылар сарапшылармен тікелей пікір алмасып, практикалық кеңестер алды. Сессияны «NurZhol Company» бақылау кеңесінің төрағасы Қанат Қобесов жүргізді. Спикерлер қатарында MultiCode компаниясының тең құрылтайшысы Ануар Сәрсембинов, Alstom жобалық менеджері Бейбіт Ибраев және «Логсофт» компаниясы директорының орынбасары Асет Тоқатов болды.
Негізгі бөлімде қатысушылар «Жасыл логистика және цифрландыру» тақырыбында жобаларын ұсынып, қазылар алқасының бағасына ие болды. Сарапшылар олардың жұмыстарына кәсіби баға беріп, ұсыныстарын айтты.
Екі кезең қорытындысы бойынша:I орынды – Maqsut Narikbayev University;II орынды – Қазақ-Неміс университеті;III орынды – Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті (Раззаков атындағы) иемденді.
Next Generation Youth Forum – логистика саласының болашақ мамандары үшін тәжірибе жинап, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл форум жас мамандардың жаңа идеяларын қолдап, Қазақстан мен Орталық Азиядағы логистика саласының дамуына серпін береді.