Ұлттық экономиканың тірегі саналатын металлургия саласы уақыт озған сайын жаңа мазмұнмен толығып келеді. Заман талабы тек табиғи байлықты игеру емес, оны ұқыпты пайдаланып, өндірістен қалған техногендік қалдықтардың өзін қайта кәдеге жарату болып отыр. Бұл бір жағынан экологиялық жауапкершілік жүктесе, екінші тұстан экономиканың тиімділігін арттырудың бір жолы. Осындай күрделі міндеттерді шешуде отандық ғылымның әлеуетіне сүйенеріміз анық, деп жазады Egemen.kz.
Осы бағытта жемісті еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың бірі – Сәтбаев университетінің Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту кафедрасының профессор, PhD докторы Өмірсерік Байгенженов. Оның ғылыми ізденістері теория мен өндірістің өзара сабақтастығын дәлелдейтін, мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар еңбектердің қатарында. Ғалым өз ізденістерін қалдық түбегейлі жойылатын дүние емес, ол – ғылым мен технологияның қолында қайта түлейтін ресурс деген ой жетегінде жүзеге асырады.
Мемлекет басшысы бір топ жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады
Ғылыми жолын студенттік кезеңнен-ақ өндірістік зерттеулермен ұштастырған Өмірсерік Сабыржанұлы еңбек жолын Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығы қабырғасында бастаған. Бұл орта жас зерттеушіге өндірістің қыр-сырын терең меңгеруге, нақты технологиялық үрдістерді көзбен көріп, тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Зертхана мен өндіріс арасындағы тығыз байланыс оның ғылыми танымын қалыптастырып, тың шешімдерге бастады. Ғалым кәсіби көкжиегін кеңейткен маңызды кезең ретінде Сәтбаев университеті ұсынған қос дипломдық бағдарлама екенін атап өтті.
«Colorado School of Mines және Сәтбаев университеті арасындағы қос дипломдық бағдарлама халықаралық деңгейдегі білім мен тәжірибемді, ғылыми көзқарасымды жаңа белеске көтерді. Бағдарлама аясында 2014 жылы диссертациялық жұмысы сәтті қорғадым. Сол кезеңнің өзінде елімізде өндірілмейтін магний тұздарын асбест қалдықтарынан алу мүмкіндігін дәлелдей алдық», дейді Өмірсерік Сабыржанұлы.
Бүгінде ғалымның зерттеулері халықаралық сипат алып отыр. Түркия, Малайзия, Қытай және Үндістан елдерінің жетекші ғылыми орталықтарымен орнатылған әріптестік нәтижесінде бірлескен жобаларды қолға алған. Ғалымдардың бұл еңбектері беделді Elsevier басылымдарында жарық көріп, әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары баға алған. Сонымен қатар ғылыми байланыстардың нығаюы технология трансферіне жол ашып, отандық ғылымның жаһандық кеңістікке еркін енуіне ықпал етіп отыр. Сондай-ақ Өмірсерік Байгенженов жетекшілік ететін 2025-2027 жылдарға арналған іргелі жоба – еліміздің индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор бастама. Зерттеу нысаны ретінде Қостанай өңіріндегі Жітіқара кен орны аумағында ұзақ жылдар бойы жиналған асбест қалдықтары қарастырылып жатыр.
Мемлекет басшысы: Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет
«Көлемі жүздеген миллион тоннаға жететін бұл техногендік үйінділер бүгінге дейін экологиялық мәселе ретінде қарастырылып келсе, енді олар ғылыми тұрғыда бағалы шикізат көзіне айналып отыр. Ұсынылған пиро-гидрометаллургиялық әдіс арқылы бұл қалдықтардан магнийдің түрлі тұздарын ғана емес никель, кобальт, темір концентраттары, жоғары тазалықтағы кремний диоксиді мен металлургиялық кремний алу мүмкіндігін айқындап жатырмыз. Мұндай кешенді тәсіл өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғаудың заманауи үлгісі болмақ», дейді жас ғалым.
Ғалым еңбегінің басты ерекшелігі қалдыққа деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге телінгенінде.
«Табиғаттан алынған әрбір ресурс толық игерілгенде ғана ел игілігіне қызмет етеді. Ал қалдықты қайта өңдеу – болашақ экономикасының негізгі бағыты», деп атап өтті ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс
Кейіпкеріміздің бұл ұстанымы – бүгінде маңызы артқан «жасыл» экономика талаптарымен де толық үндеседі. Қалдықтан қазына сүзген отандық ғалымның еңбегі тек бір адамның ғылыми жетістігі емес, тұтас елдің индустриялық және инновациялық дамуына қосылған салмақты үлес. Бұл жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, ғылым жолына бет бұрған талапкерлерге үлгі болатын тағылымды жол. Ғылым мен өндірісті ұштастыра білген осындай тұлғалардың арқасында Қазақстанның металлургия саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі арта түсетіні сөзсіз.