Қазақтың басы – Абай, жүрегі – Мұқағали. Бұл – аксиома! * * * Әлемде жүректі зерттеп зерделеген жалғыз-ақ ғалым бар. Ол – Мұқағали Мақатаев! * * * Біздің халқымыз бейбіт өмірге шөлдеп туған. Әлі де шөлдеп келеміз. Мәңгілік шөлдей береміз. * * * Мұхаммед с.ә.с Пайғамбардан қалған өсиет бар: «Бүлік шыққан жерге жоламаңдар». Себебі, онда сасық иіс бар. Дөкір иіс қанды бұзады, ақыл-есті тұмшалап, жүректі қабады. * * * Ұлылық кішіреюден басталады. * * * Ренжімеңіздер! Ерсілеу сөз, әрине. Заман күйлейді. Содан да мың-мың құбылады. Қазіргінің заманы – қысқа да нұсқа. Сан емес, сапа. * * * Кеш − ескілік. Таң – жаңалық. Түс – құбылу. * * * Ақылға сыймаған жүрекке сияды. * * * Өзіңді өзгелер жұтып қоймас үшін өзіңді өзің жеуді үйрен. * * * Ұлылар ылғи да көлеңкені саялай береді. Ал даңғойлар болса жарыққа ұмтылумен болады. Себебі, ұлылардың іші – жап-жарық, даңғойлардың іші – қараңғы. * * * Сөздің құдіреті: «Құдайдан қорықпағаннан қорық». * * * Жаны бұзық бір басқа. Қаны бұзық бір басқа. Жаны бұзық бастауына қайтып оралады, ал қаны бұзық келмеске кетеді. Қаны бұзықтардан сақтану керек.
Сағат ЫРЫС-ДӘУЛЕТ