• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 07:50

Энергетика бағытындағы елеулі өзгерістер

0 рет
көрсетілді

Энергетика саласын дамыту – экономикалық өсім мен технологиялық жаңғырудың басты шарты. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмалары саланы жаңғыртудың жүйелі бағдарламасына айналып отыр.

Электр энергиясына сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Өнеркәсіптің кеңеюі, урбанизация, цифрлық инфра­құрылымның дамуы қуат жүктемесін арттырады. Мұндай жағдайда энер­гетикалық саясаттың басты міндеті – тапшылық тәуекелін жою ғана емес, болашақтағы сұранысты алдын ала есептеп, икемді жүйе қалыптастыру. Қабылданған шаралар қуатты ұлғайту­ға, генерацияны жаңғыртуға, жаңа инфрақұрылым құруға бағытталған.

Энергетика министрлігінің есебі­не сүйенсек, 2027 жылдың І тоқсаны­на қарай елдің ішкі қажеттілігі толық қамтылады. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспар­лан­ған. Мұндай көрсеткіш тек сан­дық өсімді білдірмейді. Ол – жүйенің икемділігі артқанын, резервтердің қалыптасқанын, жүктемені басқару мүмкіндігі кеңейгенін көрсететін сапалық өзгеріс.

«Елдің энергия жүйесінде 241 көз жұмыс істейді, оның 162-сі жаңарты­латын энергия нысандары. Былтырғы жылдың қорытындысында белгілен­ген қуат 26,7 ГВт-қа жетті. Генера­ция құрылымы теңгерімді сипатқа ие. Көмір стансалары 13,8 ГВт, газ стансалары 6,8 ГВт, ірі гидроэлектростансалар 2,5 ГВт, жаңартылатын энергия көздері 3,6 ГВт береді. Бұл модель жүйелік тұрақтылықты сақтайды, сондай-ақ энергия көздерін әртараптандыруға жол ашады. Мұндай тәсіл энергетикалық қауіпсіздік пен экологиялық талап арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұруға мүмкіндік береді», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Саладағы өзгеріс ауқымы ірі инвес­ти­циялық жобалар арқылы көрінеді. 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа қуатты іске қосу көзделген. Оның 5 ГВт-ы қолданыстағы стансаларды жаңартуға, 10,5 ГВт жаңа дәстүрлі генерацияға, 8,4 ГВт жаңартылатын энергия жобаларына, 2,4 ГВт атом энергетикасына тиесілі. Бұл құрылым энергетикалық жүйені бір ғана бағытқа тәуелді етпей, ұзақ­мерзімді тұрақтылыққа негіз қалай­ды. Мұнда өндірістік сенімділік пен технологиялық жаңғыру қатар жүреді.

Маневрлік генерацияны күшейту – энергетикалық реформаның өзегіне айналған бағыт. Жүктеме тәуліктің әр кезеңінде өзгеріп отырады, ал икемсіз жүйе тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан гидроэлектростансалар, бу-газ қондырғылары, жаңа қуат көздері жедел реттеу мүмкіндігін кеңейтеді. Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы бу-газ жобалары, Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға көшіру бастамасы жүйенің икемділігін арттырып, экологиялық көрсеткішті жақсартады. Бұл – тек өндірістік жаңарту емес, тұтыну құрылымына бейімделген интеллектуалды жүйе құру қадамы.

«Жаңартылатын энергетиканы дамыту энергия жинақтау технологиясымен ұштасады. Сыйымдылығы сағатына 3 ГВт-тан асатын жинақтағыштарды енгізу артық қуатты сақтау мен оны жүктеме жоғары кезеңде пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай шешім энергетикалық тұрақтылықты жаңа деңгейге көтеріп, жүйенің тиімділігін арттырады. Энергетика енді тек өндіру­мен шектелмейді – ол басқару, сақтау, теңгерімдеу қабілеті бар кешенді инфрақұрылымға айналып келеді», деді ведомство басшысы.

Генерацияны дамыту аукциондық іріктеу арқылы жалғасып келеді. Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында жиынтық қуаты шамамен 1,8 ГВт болатын төрт бу-газ жобасы іске асырылып отыр. Бұл стансалар жүктемені икемді реттеуге жағдай жасап, энергия жүйесінің тұрақтылығын күшейтеді.

2024 жылғы тамыздағы сауда қорытындысында Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстарында қуаты 700 МВт бу-газ жобалары анықталды. Оларды іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Былтыр желтоқсанда Астанада 500 МВт бу-газ стансасын салуға арналған тағы бір іріктеу өтті. Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру биыл аяқталады. Бұл шешім маневрлік қуатты кеңейтіп, экологиялық жүктемені тағы азайтады.

Инвестициялық серпін энергети­калық жаңғырудың нақты көрсеткіші саналады. Жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 80-нен астам жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар дәстүрлі генерация мен жаңартылатын секторды қатар қамтиды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жа­ңар­тыл­ған үлгісі инфрақұрылымды жаңар­туға ауқымды қаржы тартуға жол ашқан. Инвестициялық модель саланың экономикалық тартым­дылы­ғын күшейтіп, ұзақмерзімді модер­низацияға негіз қалап отыр.

Е.Ақкенженовтің айтуынша, көмір генерациясы да жаңаша көзқараспен дамып келеді. Таза технологияларды ен­­гізу көмір энергетикасының эколо­гия­­лық әсерін төмендетуге бағыт­тал­ған. Екі­бас­тұз МАЭС-3, Курчатов­тағы жаңа станса, өңірлердегі жылу элек­тр ор­та­лықтары энергетикалық база­­ны ны­ғай­тады. Жабдықтарды күр­делі жөн­деу тозу деңгейін кезең-кезеңі­мен тө­мен­­­детіп, өндірістік сенім­ді­лікті арт­ты­ра­ды. Бұл бағыт елдің шикі­зат­тық әле­уе­­тін тиімді пайдалану­мен қатар, тех­но­­логиялық жаңғыртуға жағдай жасайды.

Қуатты кезең-кезеңімен енгізу кес­тесі жүйелі түрде жүзеге асады. Алдағы жыл­дары мыңдаған мегаватт іске қосы­лып, ішкі сұраныс толық жабылыпты. Кейінгі кезеңде экспорт­тық әлеует кеңей­ген. Бұл энергети­ка­ның аймақтық интегра­ция­дағы рөлін күшейтіп, экономикалық мүмкіндіктерді ұлғайтады.

Оңтүстік өңір желісін күшейту, батыс аймақты бірыңғай жүйеге қосу жобасы энергетикалық тұтас­тық­ты қамтамасыз етеді. Каспий теңізі арқылы өтетін жасыл энергетикалық дәліз өңірлік ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырады. Бұл бастама елімізді халықаралық энергетикалық хаб ретінде танытады.

«Министрлік қазірдің өзінде 2027 жылға қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік беретін бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып отыр. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспарланып отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта көмір генерациясын дамыту жобасы әзірленіп жатыр. Онда басымдық таза көмір технологияларына беріледі. Жоспарда Курчатов қаласында жаңа станса мен Екібастұзда МАЭС-3 құрылысын салу қарастырылған. Сондай-ақ 2026 жылы 2,6 мың МВт-тан астам жаңа қуат іске қосылады. Барлық жұмыс бір мақсатқа, елдің бүкіл энерго­жүйе­сі­нің сенімділігін, тиімділігі мен тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге бағыт­талған», деді Е.Ақкенженов.

Президенттің электр энергетикасын дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру елдің тұрақты әрі теңгерімді энергетикалық контурын қалыптастырады. Жаңа қуаттар­ды кезең-кезеңімен іске қосу, қолда­ныс­тағы генерацияны жаңғырту мен инвес­тициялық тетіктерді іске қосу тап­шылық тәуекелін жойып қана қоймай, экономика дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар