Алматыда алуан түрлі мәдени оқиғалар легі жүріп жатса да, ақпан айының соңына дейтін жалғасатын «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесінің орны бөлек. Неге десеңіз, қазақтың тұңғыш кәсіби театры, өзге өнер сахналарына еншісін беріп, жеке шаңырақ ретінде бөліп шығарған М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры бұл күндері 100 жылдық мерейтойын ауқымды түрде атап өтіп жатыр.
Осы күнге дейін Әуезов театрының мұрағатында 200 мыңға жуық құнды жәдігер жинақталса, оның ең басты ерекшелігі – Алматы музейімен бірінші рет өткізіліп отырған көрмеге экспонаттардың 100 түпнұсқасы қойылған. Бір жағынан, қала музейі де өз тарапынан көрмеге мәдениет бөлімінің қорында сақталған 50 дүниені қосып отыр.
Айтқандай, бұл көрменің бір бөлігі «Ғасыр жасаған ұлт театры» гастрольдік сапарларымен бірге Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Тараз, Шымкент шаһарларына да барып қайтқан екен. Жылжымалы көрменің кешенді бөлігі Республика сарайындағы театрдың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды мәдени шарада салтанат құрды.
Жүз жылдық тарихты Алматы музейіндегі аядай көрмеге сыйдыру қиын десек те, театрдың негізгі шежіресі ЖИ көмегімен жасалған бейнебаяндар арқылы музейдің төрт үлкен экранында шыр көбелек айналады.
Ең құнды жәдігерлерге келетін болсақ, сонау 30-жылдардан бері сақталған ішік пен тоқылған шапан жанында бір сәтке болса да аялдатып, ойға шомдырмай қоймайды. Бұл шапандарда Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сынды сахна саңлақтарының тері мен иісі сіңгеніне күмәніңіз болмасын.
Оның бер жағында ұлттық мәдениетке жанкештілікпен қызмет еткен Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Хабиба Елебекова, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Торғын Тасыбекова, Асанәлі Әшімов сияқты көрнекті өнер майталмандарының жарқыраған бейнелерін, қойылымдардағы костюмдерін тамашалауға болады.
Мысалы, Әнуар Молдабековтің «Ваня ағай» спектакліндегі, Шолпан Жандарбекованың «Ақан сері – Ақтоқты», Зәмзәгүл Шәріпованың «Отелло» спектаклінде Дездемона рөлінде киген, Тұңғышбай Жаманқұловтың Абылай хан бейнесіндегі сахналық киімдері көзімізге оттай басылады.
Бір сөзбен айтқанда, көрмеде Алматы музейі мен М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің қорынан алынған театр тарихына қатысты бірегей архивтік құжаттар мен фотосуреттер, 40-жылдардан бүгінге дейінгі спектакль афишалары, сарғайған бағдарламалар, тіпті репертуардан түсіп қалған қойылымдардың көріністерін тамашалауға болады.
АЛМАТЫ