• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2017

Тақта үстіндегі тартыс

433 рет
көрсетілді

Сәтбаев қаласындағы «Жастар» спорт сарайында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеевтің жүлдесіне арналған ХVІІ аймақтық шахмат турнирі болып өтті.

Осыдан он жеті жыл бұрын қалалық деңгейде басталған турнир жыл санап қанатын кеңге жайып, қазір аймақтық жарысқа айналды. Биылғы турнирге Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының Борсеңгір ауыл­ы, Жезді кенті және Кеңгір ауылынан 50-ден аса жас шахматшы қатысты.

– Менің әкем шахматты өте жақсы көретін, қолы қалт еткенде дос-жарандарымен шахмат ойнайтын. Әкемізге қарап ағам да, інім де, мен де осы ойынға үйірсек болып өстік. Сондықтан, осыдан он жеті жыл бұрын сол кездегі қала басшылығы тарапынан менің атыма оқушылар арасында шахматтан турнир өткізу туралы ұсыныс түс­кенде қуа­на қабылдаған бола­тын­­мын. Аймақтағы жас шахмат­шы­лардың турнирде бақ сынасып жатқанын көру көңілді одан әрі өсіре түседі, – деді жарыстың ашы­лу салтанатына қатысқан Мұ­хамбет Көпеев.

Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов шахматтың спорттық тартыс қана емес, «ақыл-ой гимнастикасы» екендігіне де тоқталды. Ол кейінгі жылдары республикамызда жас шахматшылардың әлемдік жарыстарда алдыңғы орындардан табылып жүргендігін айтты, жастарды соларға қарап бой түзеуге шақырды.

Турнир қорытындысы бойын­ша «Ең қысқа партия» номинациясы бойынша жезқазғандық Асылбек Омракунов, «Ең әдемі партия» номинациясы бойынша сәтбаевтық Қазыбек Құлыбек пен жезқазғандық Олжас Досетов, Ұлытау ауданы, Борсеңгір ауы­лының оқушысы Зарина Құрал «Жеңіске деген жігері үшін», жезқазғандық Сәлімжан Сақбаев «Ең жас қатысушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Сәтбаевтық Гүлжамал Жал­бы­рова «Таңдаулы жаттық­ты­рушы» атанса, «Әділ төрелігі үшін» номинациясының жүл­десі Владимир Олегович Кня­зюк­ке бұйырды. Жарыс қорытын­ды­сында командалық есеп бо­йын­ша «Сәтбаев қала­сы-1» коман­дасы бірінші орынды жеңіп алды.

Жарыс жеңімпаздарына грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Абдолла Дастанов,

журналист

Қарағанды облысы,

Сәтбаев қаласы

Соңғы жаңалықтар